Екі «катюшамен» жаудың 60 танкісін қираттық - соғыс ардагері Жақан Сейсебаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Жеңіс күнінің 76 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагері Жақан Сейсебаевты құттықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақан Сейсебаев 1925 жылы 10 наурызда дүниеге келген. Белоруссияны азат ету шайқасына қатысып, үш жерден жарақат алған. Жеңіс күнін Кенигсбергте қарсы алған. Одан кейін совет-жапон соғысына қатысып, елге 1948 жылы оралады.

«Өзім бұрынғы Талдықорған облысы, Киров ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келгенмін. 17 жасымда соғысқа аттандым. Сұрапыл соғыста бастан көп оқиға өтті. Бірде жаудың 60 танкісі шекарадан өтіп кеткені туралы хабар келді. Екі «катюшаны» дайындап, үш шақырым жер қалғанда танкілерді ату керек болды. Бір «катюшаның» тізгінінде мен болдым. Оқ жаудырып, 60 танкіден 1 танкі ғана аман қалды», - дейді соғыс ардагері Жақан Сейсебаев.


Ол Жеңіс күнін қалай қарсы алғаныг есіне алды.

«8 мамыр күні біз Шығыс Пруссияда болдық. Жеңіске жеткенімізді естіген кезде бір жылап, бір күліп, құшақтасып, жауынгерлер бір-бірімізді құттықтадық. Одан кейін Жапон соғысына аттандым. Ол аяқталған соң Солтүстік Кореяға соғысқа аттандым. Үш соғыстан аман қалдым. Қазіргі уақытта 1 ұл, 3 қызымнан 9 немере, 14 шөбере сүйіп отырмын. Бейбіт күнде өмір сүріп жатқан ұрпаққа бақыт тілеймін. Менің жасымды берсін!», - дейді ол.

Шара Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» президенттік полкінің және Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің президенттік оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.


Соңғы жаңалықтар