Egov.kz порталында спортшылар мен олардың ата-аналарына арналған жаңа қызмет түрі пайда болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ болашақ спортшыларды тәрбиелейтін ата-аналарға ыңғайлы болу үшін eGov.kz-те онлайн қызметтерді енгізу бойынша жұмыстар жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұрын спортшыларға арналған мамандандырылған мекемелерге түсу үшін құжаттарды қағаз түрінде, соның ішінде өтінішті, марапаттарды, спорттағы жетістіктерді растайтын бұйрықтарды, сондай-ақ анықтамаларды өзімен алып, оқу орындарына жүгіну қажет болатын. Енді өтінішті үйден шықпай-ақ, egov.kz-те анкетаны толтырып, барлық қажетті құжаттарды қоса тіркеу арқылы онлайн түрде беруге болады. Қызметке ЭЦҚ арқылы ата-ана, баланың заңды өкілі немесе 18 жасқа толған оқуға түсушінің өзі тапсырыс бере алады.

Өтініш беру үшін «электрондық үкіметтің» egov.kz порталында мыналарды орындау қажет:

- «Туризм және спорт» бөлімін таңдап, «Халық үшін спорт» қосымша бетіне өтіп, «Олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждеріне және спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттарға құжаттар қабылдау» қызметі деген белгіні басу;

- қажетті жерлерді толтыру;

- құжаттарды pdf, jpeg, jpg форматында тіркеу;

- смс-пароль немесе ЭЦҚ арқылы сұрау салуға қол қою.

Сұрау салу сәтті өңделген жағдайда мемлекеттік органнан жеке кабинетке өтінім орындалғаны туралы хабарлама келіп түседі.

Еске сала кетейік, бүгінгі күні eGov.kz порталында туризм және спорт саласындағы 10-ға жуық қызмет қолжетімді, оның ішінде: спорттық атақтар мен санаттар беру, жергілікті спорт федерацияларын аккредиттеу, спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу және басқалар.


Соңғы жаңалықтар