Егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдауға қанша қаржы бөлінгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бюджеттік кредит бөлінді. Қаражат республиканың 2,4 мың ауыл шаруашылығы өндірушісіне беріліп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінді. 26 мамырдағы жағдай бойынша 19,1 млрд теңгеге 331 өтінім қабылданды», - деді С. Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асыру жұмыстары басталды. 24,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді, оған бидай, арпа, майлы дақылдар және қарақұмық сияқты дақылдар сатып алынатын болады. Қазіргі уақытта 21,5 млрд теңгеге өтінім қабылданды.

«Қамтамасыз ету ретінде екінші деңгейдегі банктердің де, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың да кепілдіктері қабылданады. Бұл фермерлердің өтімді кепілдерінің жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Көктемгі дала жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу үшін қолда бар барлық ресурстар мен құралдар пайдаланылуда, бұл көзделген жұмыстарды оңтайлы аграрлық мерзімдерде аяқтауға алғышарттар туғызады», - деді Сапархан Омаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар алаңға егу жоспарлануда, бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың гектарға көп. Дәнді дақылдар алаңы 14,9 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 191,6 мың гектарға кем.



Соңғы жаңалықтар