«Egemen Qazaqstan» газетінің 30 мыңыншы нөмірі жарыққа шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінің 30 мыңыншы нөмірі жарыққа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Егемен Қазақстанның» алғашқы саны 1919 жылы Орынборда жарық көргені белгілі. Ол Алаш ардақтылары жұмыс істеген «Қазақ» газетінің баспаханасында басылған. Ал мыңыншы саны 1927 жылы «Еңбекші қазақ» атанып тұрған тұста араб қарпімен жарық көрген. Бұл қазаққа «қазақ» атын қайтарып берген жылдарға тұспа-тұс келді, газетті шығарғандар ішінде Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин қызмет еткен», - дейді «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

1956 жылы 13 мамырда газеттің он мыңыншы саны жарық көргенде газет «Социалистік Қазақстан» атанған.

«Сталиндік зұлматтан кейін жылымық орнап, қазақ руханияты мен мәдениетіне жаңа леп келген кезеңде «Социалистік Қазақстан» газеті алғы шепте жүрді. Майданнан қайтқан қаламгерлер осы газеттің төңірегіне топтасып, қазақ тілі мен әдебиетіне, руханиятына қызмет етті. Ал енді жиырма мыңыншы саны 1991 жылдың қазан айында шыққан екен. Тәуелсіздік алмай тұрғанда да газет «Егемен» сөзін тілімізге, сөздік қорымызға әкелген басылым болды. Осылайша, егемендікті, еркіндікті сүйіншілеген, мемлекеттіктің орнығуына үлкен қызмет еткен газет болды. Содан бері 30 жыл өткен соң, газетіміздің отыз мыңыншы саны Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында сәйкес келіп тұр», - дейді Д. Қыдырәлі.

Ғасырлық тарихы бар «Егемен Қазақстан» іріленіп, басқа басылымдарды қанатының астына алмақ. Оқырмандары көбейіп, бірнеше тілде ақпарат таратып, заман талабы мен оқырман талғамына орай газеттің аясы да кеңейе түсуде.

«Бүгінгі мерекелік нөмірде газеттің тарихына шолу жасадық, мыңыншы, бес мыңыншы және он мыңыншы сандар сан қалай шықты деген үзінділер бердік. Ұлт баспасөзінің ұстаханасы болғасын редакцияның ішкі жұмыстарын, газеттің қалай шығатынын, архивтегі суреттерді ұсындық. Яғни, 30 мың нөмірде еліміздің жүзжылдық жылнамасы, қазақ халқының жүріп өткен жолы бар. Халқымыздың қандай қасіретті жылдарды бастан өткергенін газет арқылы көруге болады. Мысалы, 1930-жылдары ең көп репрессияға ұшыраған ұжымның бірі – «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстанның» басшылары мен қызметкерлері болды. Одан кейінгі серпілу, елдің еңсесін көтеру жылдарын да «Егемендегі» материалдардан байқауға болады. Соңғы жылдары Елбасы мен Президент мақалалары, еліміздегі бағдарламалық мәселелер «Егемен Қазақстан» арқылы халыққа жетіп жатыр. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», Абай мен Тәуелсіздік туралы мақалалар біздің газетте жарияланды. Бұл да аға басылымның бедерлі белесі, мерейлі межесі деуге болады. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы құрметіне де жыл бойы жазамыз. Тәуелсіздікті тұғырлы етуге тер төккен, елдің еңселі болуына еселі еңбек еткен адамдар қасымызда жүр, барлығына шолу жасап, арнайы жобалаларды қолға аламыз», - дейді Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, «Egemen Qazaqstan» тарихы 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынбор алғашқы саны жарық көрген «Ұшқын» газетінен басталады. Одан кейін газеттің аты бірнеше рет өзгерді. Басылым 1920 жылы «Еңбек туы», 1921 жылы «Еңбекші қазақ», келесі жылы «Еңбекшіл қазақ», 1932 жылы «Социалды Қазақстан» деген атаумен шықты. Ал 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» болып өзгерілді де, осы атпен ол 54 жыл бойы жарық көріп тұрды.

1991 жылдың маусымында Қазақстан тәуелсіздігін алуға санаулы айлар қалғанда басылымның аты «Егеменді Қазақстан» болып өзгертілді. 1993 жылдың 1 қаңтарынан лингвистердің пікірлерінен туған талқылаудан кейін газеттің бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауындағы «-ді» жұрнағы алынып, «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

2016 жылдың қыркүйегінен басылым жаңа дизаин, жаңа форматта және барлық беттері түрлі-түсті болып шыға бастады. Ал Елбасының латын әліпбиіне қатысты Жарлығы шыққаннан кейін, 2018 жылдың наурызынан бастап, басылым атауы латын әліпбиінде жарық көруде.



Соңғы жаңалықтар