ЕЭК Ресейдің Қазақстан қызанағы мен бұрышын кіргізуге қойған шектеуін заңсыз деп таныды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстаннан Ресей аумағына кіретін қызанақ пен бұрышқа қойылған шектеуді заңсыз деп таныды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің ресми сайты хабарлап отыр.

«2021 жылғы 16 наурызда Қазақстан тарапының бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы Қазақстаннан әкелінетін қызанақ пен бұрышқа Ресейдің тыйым салуы қаншалықты заңды деген мәселені қарады. Алқа мүшелері мен өкілдердің пікірсайыс қорытындысы бойынша ЕЭК Алқасы өткен жылдың соңында «Россельхознадзор» мекемесі белгілеген тыйымды заңсыз және кедергі деп тану туралы шешім қабылдады», - деп жазылған ресми мәліметте.

Енді Ресей тарапы ЕЭК Алқасының қабылдаған шешімі бойынша белгіленген тыйымдарды бір айдың ішінде жоюы керек.

Еске салсақ, 2020 жылдың 16 желтоқсанынан бастап «Россельхознадзор» Павлодар облысынан қызанақ пен бұрыш әкелуге, ал 2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап Ақтөбе және Алматы облыстарынан қызанақ әкелуге тыйым салған болатын. Бұл шешімін қазақстандық өнімдерде қызанақтың «қоңыр әжім» вирусы (Тomato brown rugose fruit virus) болуы мүмкін деген уәжбен байланыстырған еді.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың мәліметі бойынша, аталмыш тыйым салынған сәттен бастап қазақстандық кәсіпорындар 200 млн теңгеден асатын табыстан қағылған.

«ЕЭК алқасы біздің дәлелдерімізді естіді және Ресей билігінің әрекеттерін тосқауыл деп таныды» - деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар