ЕАЭО стратегиясы: Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның позициясын қолдаған елдер басшыларына алғыс айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейінгі ЕАЭО стратегиясы бойынша Қазақстанның позициясын қолдаған мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясының кең таралуы, шикізат тауарлары бағасының құлдырауы, бүкіл әлемдегі экономикалық белсенділіктің бірден бәсеңдеуі – біздің елдердің экономикаларына әсерін тигізді. ЭЫДО ресми есебіне сәйкес, 2020 жылы әлемдік жалпы ішкі өнім 4,5 пайызға азаяды. Дүниежүзілік банктің болжауынша, дамушы елдерде ЖІӨ 2,5 есе төмендейді. Шынтуайтында осы топтағы елдер үшін бұл рецессия кейінгі 60 жылда бір кездескен дағдарыс. Жан басына шаққандағы табыс биыл 3,6 пайызға азаяды. Жағымсыз жайлар экономикалық одақ аясындағы саудаға да өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Осы жылдың 9 айындағы өзара сауда 13 пайызға азайып, 39 млрд долларды көрсетті. Еуразиялық экономикалық одақтың өзара тауар айналымы одан да қарқынды түрде 19 пайызға азайып, 447 млрд долдарды құрады. Осының бәрі де резервті іздеуде, экономикалық әлеуеттің өсімін қамтамасыз ету міндетін кейінге ысыруға болмайтынын көрсетеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста.

Қазақстан Президенті өз сөзінде экономикалық одақ жұмысын бастағалы бері Қазақстанның экономикалық одақтағы мемлекеттермен өзара саудасы 33 пайызға өскенін жеткізді.

«Экспорт 25 пайызға көбейді. Өзара бірлескен кәсіпорындардың саны екі есе артып, 13 мыңға жетті. Экономикалық одақпен ынтымақтасуға басқа да мемлекеттер асығып отыр. ЕАЭО жанындағы бақылаушы мәртебесі Өзбекстан мен Куба мемлекетіне беріледі. Бұл бағыттағы қадам ауқымды перспективаларға жол ашар деген сенімдеміз», - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның еуразиялық жобаға қатысуы – екіжақты қарым-қатынасты да нығайта түсетініне сенім білдірді.

«2025 жылға дейінгі ЕАЭО-ның стратегиясына жеке назар аудару керек. Осы жылдың мамыр айында өздеріңіз білетіндей, кейбір даулы тұстарына байланысты мен өзімнің ойымды білдіріп, ол жобамен әлі де жұмыс жүргізілуі керектігін айтқан едім. Бұл позицияны, біздің ұстанымды қолдаған әріптестеріме – мемлекет басшыларына алғыс айтамын. Үкіметтер мен комиссия стратегияны қайда толықтыруда, заңнамаларлың үйлесімділігін қарастыратын түзетілген шаралармен бірге мазмұнды әрі конструктивті жұмыс жүргізуде. Үшінші елдермен сауда келісімін жасауда қатысуы ұсынылған комиссияның құзыреті қайта қаралды. Ендігі кезекте комиссия тек сол мүше-мемлекеттің талап-тілегі бойынша ғана екіжақты сауда келісіміне қатыса алады. Меніңше, бұл ойластырылған амал», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар