ЕАЭО өзге мемлекеттерге де экспортты ұлғайтуға көмектесті – Сауда министрлігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның үшінші елдерге экспорт көлемін ұлғайтуға көмектесті. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-министрдің айтуынша, 2014 жылы ЕАЭО құру қарсаңында қайта өңдеу экспорты шетелге сатылған жалпы көлемнің 23,2%-ын құрайтын. Ал өткен жылы пандемияға байланысты тауар айналымының жалпы құлдырауында да Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 35%-дан асқан.

«Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктері оған көп ықпал етті. Бізге ЕАЭО бойынша серіктес елдер инфрақұрылымының қолжетімді болуы және теміржол көлігімен тасымалдауға ұсынылған ішкі тарифтер көмектесіп жатыр. Бұл экспортталатын өнімнің түпкілікті құнын айтарлықтай төмендетеді. Қазақстан теңіз порттарынан алыс болғандықтан, ЕАЭО құрылғанда ішкі тарифтерді көздеген едік. Бұл мақсатқа жеттік деуге болады», - деді Ж. Кушукова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, спикер Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен еркін сауда туралы келісімдерге қол қоюы қазақстандық кәсіпкерлерге көптеген басымдық беретінін, экспортты ұлғайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«Еркін сауда аймағы туралы осындай келісімдер аясында біздің кәсіпкерлерге кедендік баждарды төлемей немесе айтарлықтай төмендетіп, тарифтік тосқауылдар мен басқа да шектеулерден тыс үлкен көлемді нарықтарға шығу мүмкіндігі беріледі. Мысалы бізде Вьетнаммен, Сербиямен, Иранмен және Сингапурмен еркін сауда аймағы туралы келісім орнаған. Бұл қазақстандық тауарлардың экспортын 1 млрд АҚШ долларынан астам ұлғайтуға көмектеседі. Қазақстанның бір ғана Вьетнаммен тауар айналымы 54%-ға өсті», - деп түсіндірді Ж. Кушукова.

Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ Израильмен, Египетпен және Үндістанмен келісім бекіту жөнінде уағдаласып жатыр. Сауда министрлігінің деректері бойынша, еркін сауда аймағы шеңберінде қазақстандық экспортты шамамен 800 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтатын әлеует бар.


Соңғы жаңалықтар