ЕАЭО елдерінде тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу қажет - Смайылов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ЕАЭО елдерінің экспортын дамыту үшін тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу қажет. Бұл туралы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экспортты ұлғайту және оны ынталандыру іс-шараларын қабылдау басым міндет саналады. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экспортын үшінші елдердің нарығына ілгерілетуге жәрдемдесудің тиімді іс-шарасы – көліктік инфрақұрылымдарға, оның ішінде теңіз порттарына тең қолжетімділік. Оны қамтамасыз ету қажеттілігі Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің негізінде жатыр. Бірақ, аталған принципті іс жүзінде іске асыру жөніндегі осыдан 5 жыл бұрын басталған жұмыс бүгінде әлі аяқталмаған. Шарт ережелерінің тезірек орындалуын қамтамасыз ету және порт қызметтеріне қолжетімділікке нұқсан келтірмеуге кепіл беретін тиісті келісімдерді жасау қажет», - деді Қазақстан Премьер-Министрі.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ЕАЭО елдерінің экспортын дамыту үшін тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу қажеттігіне назар аудартты.

«Ұсынылатын транзит шарттары экспорт үшін жиі еңсерілмейтін кедергіге айналады. Бұл теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекеттердің экономикалық салаларына барынша теріс әсерін тигізеді. Осы және өзге де мәселелерде комиссия проактивті ұстанымда болуы тиіс. Тараптардың байқаушы болып отыруына жол бермеу керек. Алқа мүшелері кез келген мәселеде Одақ туралы шартта көрініс тапқан барлық нормаларды жедел жүзеге асыруға бағытталған ымыралы шешім табуы қажет. Бұл ретте халықаралық қызметшілер мәртбесі туралы да естен шығармау және жіберген елдің пайдасы үшін «көрпені өзіне тартпау» керек», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар