ЕАЭО-да өзара сауданы арттыру үшін кедергісіз ортаны құру -міндетті талап – Әлихан Смайылов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өзара сауданы арттыру үшін ЕАЭО елдерінде кедергісіз ортаны құру міндетті талап болып отыр. Бұл туралы елордада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында ҚР Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылды күрделі жағдайда бастап отырмыз. Геосаяси шиеленіс пен жоғары инфляция мемлекеттер үшін басты сын-қатер болып қалды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, біз жаңа экономикалық ахуалға жедел әрі бірлесе әрекет етуге дағдыландық», - деді Ә. Смайлов.

Осы орайда Үкімет басшысы ЕАЭО құқығында бекітілген басты мақсаттарға қол жеткізу үшін, яғни экономикалық дамуды қамтамасыз етуге, ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттігін күшейтуге және мүше елдердегі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыру керек екенін атап өтті.

Біріншіден, өткен жылдың қорытындысын 2019 жылдағы пандемияға дейінгі көрсеткішпен салыстыра келе, үшінші елдермен саудаға қарағанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасының өскенін көрсетті. Осы ретте өзара сауда 18 пайызға өсіп, сыртқы сауда көлемі 15 пайызға артты. Алайда ЕАЭО-ға мүше елдердің жалпы тауар саудасында өзара сауда-саттық үлесі 15 пайыздан кем болып тұр.

Ә. Смайыловтың пайымынша, аталған көрсеткіш ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Мәселен, осы тектес басқа да интеграциялық бірлестіктерде өзара сауда көлемі 40 пайыздан асады екен.

«Өзара сауданы арттыру үшін кедергісіз ортаны құру міндетті талап болып отыр», - деді ҚР Премьер-Министрі.


Соңғы жаңалықтар