ЕАЭО-да еңбек нарығы либерализацияланбақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Ресей Федерациясына Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін (ЕАЭО) басқа елдердің жұмыс істейтін азаматтары мен олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұру мәртебесін беруге кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ, ЕЭК мүше-мемлекеттердің азаматтарына елден шықпай мәлім етілген кіру мақсатын өзгерту үшін еңбек келісімшартын жасауға мүмкіндік беру туралы бастама көтерді. Бұл туралы ЕЭК экономика және қаржы саясаты жөніндегі коллегия мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов Алматыдағы ТМД қатысушы-мемлекеттері Көші-қон органдары басшыларының кеңесі (КОБК) отырысында мәлім етті.

ЕЭК министрінің пікірінше, одақ мемлекеттерінде қолайлы бизнес жағдайды қалыптастыру факторларының бірі - ортақ еңбек нарығын құру. Бүгінде ЕАЭО елдері азаматтары жұмысқа орналасу үшін тең мүмкіндікке ие.

«Оларға қатысты өз еңбек нарығын қорғау мақсатында ұлттық заңнамада белгіленген шектеулер қолданылмайды, жұмысқа міндетті рұқсат құжаттары жойылды», - деп хабарлады Тимур Жақсылықов.

Сонымен қатар, қазіргі таңда комиссия жұмыс істеп жатқан бірқатар шешімін таппаған мәселелер бар.

Сондай мәселелердің бірі - Ресей Федерациясында орналасу жері бойынша көші-қон тіркеу рәсімінің күрделілігі, сондай-ақ Ресей Федерациясының аумағынан шыққаннан кейін рұқсат етілген мекендеу мерзіміне қайта тіркелу қажеттілігі.

«Біздің ойымызша, Ресей Федерациясы жасалған еңбек келісімшартының мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істейтін азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне уақытша тұру үшін рұқсат беретін заң жобаларын қабылдау арқылы бұл мәселені шешуге болады», - деп есептейді ЕЭК министрі.

Осыған байланысты ЕЭК министрі басқа ЕАЭО елдеріне қайта кіру мақсатын өзгертуді талап  етпейтін Қазақстан тәжірибесін қолдануды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар