ЕАЭО алаңында үшінші елдердің санкциясына жауап беру мәселесі талқыланған жоқ - вице-министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова ЕАЭО мәселелеріне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЕАЭО алаңында үшінші елдердің санкциясына жауап ретінде қандай да бір ұжымдық шараларды қолдану мәселесі пысықталған жоқ және талқыланған жоқ. Оған қоса, мұндай мәселелер Еуразиялық одақтың құзыретіне мүлдем кірмейді және күн тәртібінде де жоқ. Қазақстан Республикасы ЕАЭО құрылған сәттен бастап осы бірлестік тек экономикалық сипатқа ие деген ұстанымды ұстанады. Біз одақ шеңберіндегі өзара қарым-қатынасымызды саясаттандыруға және үшінші елдермен қарым-қатынасымызға әсер етуі мүмкін шаралар қабылдауға түбегейлі қарсымыз» деп мәлім етті вице-министр.

Жанель Кушукованың айтуынша, ЕАЭО-ның жекелеген елдеріне қарсы қолданылатын санкциялар белгілі бір дәрежеде барлық мүше мемлекеттер экономикаларының жай-күйіне әсер ететіні түсінікті.

«Біздің мемлекеттеріміздің тығыз экономикалық байланысын ескере отырып, қазір ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасы үшін ЕАЭО-ның жекелеген елдеріне санкциялық ықпал етуден экономикалық салдарларды барынша азайтуға бағытталған ықтимал бірлескен шараларды әзірлеу мәселесі талқыланып жатыр. ЕАЭО шеңберінде санкцияларға ұжымдық жауап шаралары, экономикалық қысым шаралары немесе шет мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарға өзге де ықпал ету түрлері күн тәртібінде жоқ. Бұл - Қазақстан Республикасының түбегейлі және өзгермейтін ұстанымы» дейді Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.

Еске сала кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі ЕАЭО мәселелері жөнінде түсініктеме берген еді.

Соңғы жаңалықтар