Джо Байден АҚШ президенті атануға қажет дауысты жинады - CNN

None
None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат - Америка Құрама Штаттарында өтіп жатқан президент сайлауында демократиялық партия атынан бақ сынаған Джо Байден жеңіске қажет дауысты жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN агенттігіне сілтеме жасап.

CNN мен AP мәліметінше, сайлау барысында 77 жастағы Байден таңдаушылардың 273 даусын жинап, Американың қазіргі президенті, республикалық партия үміткері Дональд Трампты басып озған.

Сөзсіз президент атану үшін кандидаттар кем дегенде 270 дауыс жинауы тиіс. Байден Пенсильвания штатында өзіне жетпей тұрған дауыс көлемін жинап, қарсыласынан қара үзіп кетті.

Сайлаудың соңғы қорытынды нәтижесі 14 желтоқсаннан кейін белгілі болады.

Айта кету керек, бұл сайлауда Джо Байден АҚШ тарихында осы лауазымға үміткер болған бүкіл кандидаттардан көп дауыс жинады. AP мәліметіне сенсек, қазіргі таңда саналған бюллетеньдердің 74,8 миллионы Байденге дауыс берген. Ал 70,5 миллион сайлаушы Дональд Трампты қолдаған.

Американың экс-президенті Барак Обама 2008 жылы 66 миллион дауыс жинаса, қазіргі президент Дональ Трамп 2016 жылы 62 миллион сайлаушының сеніміне ие болған еді. Демек, Байден бұған дейінгі рекордтың бәрінен басым түсіп отыр.

Дегенмен, ереже бойынша президент сайлауының жеңімпазы сайлаушылардың емес, таңдаушылардың даусына қарай белгілі болады.

2009 жылы Джо Байден Американың 47-ші вице-президенті атанып, Барак Обамамен бірге қызметіне кіріскен болатын. Ол 2017 жылға дейін осы лауазымда еңбек етті. Оған дейін Байден 35 жыл бойы Делавэр штаты атынан сенатор болған.


Соңғы жаңалықтар