Дүйсенғазы Мусин: Пайдаланылмай жатқан жерлер туралы ақпарат қолжетімсіз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылық жерлерін мемлекет меншігінде қалдыра отырып, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын енгізу оң шешім болады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы институттарында кезінде кепілдікке қойылған қаншама ауыл шаруашылығы жерлері тұр. Олардың айналымнан шығып, игерусіз жатқандары қаншама? Жер - ауыл шаруашылығының базисі ғана емес, негізгі өндіріс құралы болып табылады. Сондықтан да оның құқықтық мәртебесін анықтаудың мәні зор. Біздің пайымдауымызша, ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігінде қалдыра отырып, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын енгізу оң шешім болар еді. Ол - жер пайдалану құқығының кепілдік мәні мен кепілдік бағасын көтеріп, өнім өндірушілер мен қаржы институттары арасындағы қаржылық қатынастардың тиімділігін арттырар еді», - деді депутат Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Оның сөзіне қарағанда, халықпен кездесулерде көтерілген басты мәселелердің бірі – пайдаланылмай жатқан жерлер туралы ақпараттардың қолжетімсіздігі. Осы орайда, қазіргі заманауи технологияларды, яғни жерді қашықтықтан зондтау, ғарыш түсірілімін қолдану - жерді пайдалануды бақылаудың тиімділігін арттыратыны сөзсіз.

«Бүгінгі күнгі қолданыстағы заңнамалық базаның олқылығы – тұрақсыздығында деп білеміз. Мысалы, Жер кодексіне 99 заңнамалық өзгерістер енгізіліп, 260-тан аса заң түрлі толықтыруға ұшыраған. Талдау көрсеткендей, әлі де өзектілігі тұрғысынан ескірген нормалар да баршылық. Бұл инвестициялық ахуалға теріс ықпалын тигізуде.

Аталған мәселеде Ұлттық экономика және Әділет министрліктері тарапынан нақты бақылау мен үйлестіруді күшейту қажет деп санаймыз», - деді Д. Мусин.


Соңғы жаңалықтар