Дүйсен Қасейінов: Түркі әлемінің төл өнері – айтысты дамыта береміз

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат – Таяуда Түркия астанасы Анкара қаласында түркі дүниесі ақындарының қатысуымен айтыс өтті. 5 түркі мемлекетінің, атап айтқанда Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркияның 12 ақыны сөз сайыстырған айтыс көрерменнің көңілінен шықты десекте болады. Осы орайда мәдени іс-шараны ұйымдастырған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновті сөзге тартқан едік.

- Дүйсен Қорабайұлы, түркі елдері ақындарының айтысын алғаш рет өткіздіңіздер. Идея қалай туындады? Көңіліңізден шықты ма?

- Түркияға осы қызметке келгенімнен кейін шамасы 2010 жылдары болуы керек, «түркі елдері ақындары арасында айтыс өткізсе қалай болар еді?!» деген ойға қалдым. Бірден бұл іске бел шеше кірісіп, Қазақстаннан Аманжол Әлтаев және қырғыз, әзербайжан, түрікмен, өзбек ақындарын Анкараға шақырдым. Сол кезде қазақ пен қырғызды қоспағанда басқа елдер ақындарының айтысуға келгенде деңгейлері жеткіліксіз екенін байқадым. Сондықтан мұндай мәдени іс-шараны өткізуге әлі біраз уақыттың қажеттігін, түркі әлемі ақындары арасындағы байланыстарды барынша арттыра түсіру керектігін, қазақ ақындарының да түрік тілін жетік біле түсуі тиістігін түсініп, тоқтатып қойдым.

Ал күні кеше Анкара төрінде өткен айтыста қазақтың екі ақыны түрікше суырып салып айтысып, көрермендердің көңілінен шыға білді. Енді сұрағыңа келер болсам, түркі әлемі ақындарының айтысын өткізу туралы ой аяқ астынан туындады. Таяуда Бурса қаласында Алтай конференциясына бардым. Сол жерге айтыскер ақынымыз Бекарыс Нұриман келіп, қатысушылардың алдында түрік тілінде арнау айтты. Анкараға оралғаннан кейін Қазақстанның ТҮРКСОЙ жанындағы өкілі Бақытжан Омар айтыс өткізу туралы ұсыныс жасап, мен бірден келістім. Өйткені, Бекарыстың түрікше арнау айтуы осыдан 10 жыл бұрынғы «түркі елдері ақындары арасында тұрақты айтыс өткізсек» деген ойымды қайта қозғаған болатын. Бірақ, қазірдің өзінде түріктерде қызығушылық төмен. Сондықтан мәдени байланыстарды жандандыра түсу керек. Себебі түрік тілін білетін ақындарымыздың қатары артып келе жатыр. Сондықтан мұндай мәдени іс-шараларды жиі өткізе бастағанымыз жөн. Бұған қоса, түрік ақындарын да Қазақстанда өтетін айтыстарға шақырып отыру қажет, бірақ жастарын. Өйткені, түрік айтыс ақындарының арасында үлкен жастағы адамдардың қатары басым.

Қазіргі уақытта қазақ ақындары ішінде Бекарыс Нұриман мен Әсем Ережеқызы түрік тіліне жетік, қарсыластарымен нағыз сөз майданын жүргізетін деңгейге жеткен. Міне, осылай біртіндеп түрікше де айтысатын қазақ ақындарының қатары арта түсетіндігі анық. Оның үстіне кешегі айтысқа қатысқан ақындарымыздың барлығы келесі жолы түрік тілінде айтысуға дайын болып келетіндіктерін айтып, уәде де беріп кетті. Олардың бойында да түрікше айтысқа деген қызығушылық пайда болды.

Жалпы, кешегі өткен айтыс тақырып аясы тар болған сияқты. Ақындарымыз түркі дүниесінің мәдениетін, тарихын, өнерін жетік білуі тиіс. Мәселен, биыл ТҮРКСОЙ аясында Низами Гянджеви, Юнус Эмре жылдары өтіп жатыр. Соларды да жырға арқау қылуға болар еді. Бұл жағынан айтыстың соңғы жұбы болған Айбек Қалиев пен қырғыз ақыны Азамат Болғонбаевтың сөз қағысы түркі әлеміне қатысты мәселелерді қамтыған салмақты дүние болғаны анық. Ақындарымыз Түркияда өткен Абай жылын да айтып өткені жөн болар еді. Өйткені, Анадолы төрінде Абай жылы керемет өтті. Бірнеше ескертіш ашылып, конференциялар, концерттер ұйымдастырылды. Жалпы, алғашқы айтыс жаман емес. Алдағы уақытта айтыс мұнан да биік белестерге көтеріліп, түркі дүниесінің ортақ төл мұрасына шынымен айналатындығына үміт артамын.

- Мәдени іс-шараның ашылуында өзіңіз айтыс көрермен тарапынан жылы қабылданса, оны тұрақты түрде өткізуді қолға алатыныңызды айтқан едіңіз. Осыған қатысты алдағы жоспарлармен бөліссеңіз.

- Иә, жұртшылық айтысты жақсы қабылдады. Оған өзіңіз де куә болдыңыз. Енді келер жылы Түркияның Бурса қаласында халықаралық тағы бір айтыс өткізсек деген ой бар. Өйткені, биыл қыркүйекте Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің Мәдениет министрлері жиында 2022 жылғы Түркі әлемнің мәдени астанасы болып Бурса бекітілді. Сондықтан дәл осы қалада айтыс өткізуді көздеп отырмыз. Оған барлық түркі мемлекеттерінің ақындарын шақырамыз. Қазірдің өзінде Бурса өлкесінің Йылдырым қаласының әкімшілігі айтысты бізбен бірге өткізуге қызығушылық танытып отыр. Сол айтыста бұл жолы ескерілмеген жайттарды қаперде ұстап, мұнан да жақсы өткізуге күш саламыз.

- Осы уақытқа дейін қазақтың талай тұлғасын түркі әлеміне таныттыңыздар. Келер жылы қандай тұлғаларымызды ұлықтау жоспарда бар?

- Келер жылы қазақтың ұлт ұстазы саналатын Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын, классик қаламгеріміз Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын кең көлемде атап өту жоспарымызда бар. Жалпы, Мұхтар Әуезовті ЮНЕСКО деңгейінде тойласа да артық етпейді. Мұнан бөлек, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың, күміс көмей әншіміз Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойларын атап өтуге болады.

Айта кетерлігі, былтыр Абайдың 175 жылдығына орай Түркі әлеміндегі Абай жылын жариялағанымызды білесіздер. Енді 2022 жылды үш тұлғаның атап айтқанда әзербайжандық композитор Фикрет Амиров, қырғыздың атақты драматургі Тоқтоболот Абдумомунов,түрік ақыны Сулейман Челеби жылы деп жариялап отырмыз. ТҮРКСОЙ осылайша жыл сайын түркі әлеміне танымал тұлғаларды ұлықтап отырады.

- Ұйым аясында түркі дүниесін біріктіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарыңыздың бір парасына тоқталып өтсеңіз.

- Жоспарланған, жүзеге асырылып жатқан жұмыстарымыз өте көп. Дегенмен, мен нақты екі жоба жайында мәліметтермен бөлісе кетейін. Біріншісі - түркі дүниесінің дәстүрлі музыкасының архивін құру. Таяуда Анкарада жаңа университет ашылды. Ректоры дәстүрлі саз маманы болғаннан кейін оған осы ұсынысымды жасаған едім. Жұмыс басталып кетті. Әзірше, қаржы біздің тараптан ғана болып тұр. Таяуда екі адам Санкт-Петерборға сапармен барып, мұрағатымен танысып, түркі әлеміне ортақ мәдени мұралардың көшірмелеріне алып келді. Бұл қаржылық, техникалық жағынан өте үлкен шаруаны қажет етеді. Вена архивімен де келісімшарт жасадық. Олар да өздеріндегі түркі әлеміне қатысты дүниелерді береді. Бұл мұрағатта 1900 жылдан бастап жазбалар бар. Көбі әлі күнге дейін балауыздан жасалған таспада, үлдірде сақталған. Оның бәрін қазіргі заманауи тасымалдағышқа жинастырып, сипаттамасын жазып, реттеу жұмысын бастап отырмыз. Ол үлкен архив болайын деп тұр.

Ресейдегі «Мелодия» мұрағатында да біраз дүние бар. Өкінішке орай ол жекешеленіп кетті. Ал мұрағаттар қайда кетіп жатыр, кімнің қолына түсуде, материалдар қалай сақталуда деген жайттар үлкен проблемаға айналған. Санк-Петербор архивіндегі жағдай да өте нашар. Не бар, не жоқ екендігін өздері де білмейді. Сол архивте Ахмет Жұбановтың 1930 жылдардағы жазбаларды бар дейді. Жалпы, бізде дәстүрлі музыка аспаптармызды зерттеушілер бұрынырақта болмады. Александр Затаевич сынды зерттеушілердің қазақ даласын аралап жүріп жинауының арқасында аспаптарымызға қатысты деректер ресейлік мұрағаттарда сақталып отыр. Олардың бәрін іздестіріп, реттеп, келесі ұрпаққа жеткізу үшін сақтауымыз қажет.

Архивке қатысты мына бір жайтты да айта кетейін. Қолымда 1915 жылы жазылған бір кассета бар. Оны Вена мұрағатына барғанымда сыйға тартқан еді. Бір данамен ғана шығарылған кассета екен. Кассетада соғыс кезінде Ресейден тұтқынға алынған түркілердің бәрінің өлең айтқан, аспапта ойған кездері жазылған. Қай жерде туғаны, аты-жөні, туған жылы, туған жері бәрі бар. Ал олардың ұрпақтары қазіргі уақытта ата-бабаларының дауысы сақталғанын білмейді. Осыны көргеннен кейін Париж мұрағатына көңілім ауып отыр. Бәлкім, Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Парижге барғанда жазған дауысы қолымызға түсіп қалар. Кезінде музыка зерттеушісі, домбырашы-күйші Жарқын Шәкәрім «Мелодиядан» Әміренің жазбасын тауып алған еді. Марқұм Әміренің дауысын 1925 жылы француздар жазып алғанын және ол жеке коллекцонердің қолында екендігін айтатын. 2025 жылы бұл жазбаға ғасыр болады. Оны тауып алсақ, керемет болары анық.

Жалпы, Әміремен қатар сол заманда башқұрттың құрайшысы, әзербайжанның әншісінің де жазбасы сақталуы мүмкін. Осылардың ішінде Әміре мен башқұрт құрайшысының тағдыры ауыр болды. Башқұрт құрайшысы сотталды, айып батальонына жіберілді. Әміренің ажалы неден болғаны беймәлім.

Екінші жоба – Кембридж университетімен үлкен энциклопедия әзірлеу. Ол «Дәстүрлі қазақ музыкасының энциклопедиясы» деп аталады. Жобаға қажетті мақалалар қазіргі уақытта келіп жатыр. Бұл ұзаққа созылатын жоба болмақ. Материалдар жинақталған сайын топтастырып жарыққа шығарып отырамыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар