Душанбеде Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Душанбеде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның Тәжікстандағы Елшілігінің мәліметінше, кітаптың таныстырылымы екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай өткізілген дөңгелек үстел аясында ұйымдастырылған.

«Елші Нұрлан Сейтімов қатысушыларды тарихи публицистика жанрында жазылған кітаптың негізгі мазмұнымен таныстырып, онда Қазақстанның құрылған сәтінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі егемендігін орнатудың негізгі кезеңдері баяндалғандығын атап өтті. Сондай-ақ, Елші дөңгелек үстелге қатысушылардың назарын Тәжікстан Президенті Э.Рахмонның Астанаға алдағы ресми сапары қарсаңында кітаптың Қазақстанның Орталық Азия елдерімен, соның ішінде Тәжікстанмен екіжақты қарым-қатынастарына арналған бөлімдеріне және олардың өзектілігіне аударды», - делінген Елшілік ақпаратында.

Дөңгелек үстелге қатысушылар заманауи саясаттанудағы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының рөлі мен орнын жоғары бағалады. Мәселен, Тәжікстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Худоберди Холикназар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжікаралық жанжалды реттеудегі үлкен рөлін атай келе, билік пен оппозиция арасындағы келіссөздердің бір кезеңі Алматы қаласында өткендігін еске салды. Ал Тәжікстанның еңбек сіңірген экономисі, профессор Ходжимухаммад Умаров Н.Назарбаевтың кітабының уақтылы жариялануына тоқталып, 1990 жылдардағы Қазақстанның экономикалық даму моделі жөнінде әңгімеледі. Ол Қазақстанға және оның Президентіне Тәжікстанның Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қиындықтарға тап болған кезінде экономикалық қолдауына алғысын білдірді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар «Тәуелсіздік дәуірі» кітабымен танысуға мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтты және Қазақстанның одан әрі гүлденуін тіледі. Шараға сарапшы қоғамдастықтың, ғылыми және мәдени топтарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, Тәжікстан Президенті Әкімшілігінің, іскер орталар, студенттер және Тәжікстандағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар