Дүбірге толы дүниедегі биылғы басты оқиғалар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сиыр жылы қазақ халқының есінде көбіне ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарымен есте қалған. Ал бұл жолғы кезекті Сиыр жылы тек қазақтардың ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының жадында жершарына таралған коронавирус инфекциясының омикрон жаңа штамының таралуымен, Еуропадағы көші-қон дағдарысымен, Ауған билігіне тәліптердің келуімен қалатыны анық. ҚазАқпарат Жаңа жыл қарсаңында биыл әлемде орын алған басты оқиғаларға шолу ұсынады.

Әлемге ойран салған омикрон

2019 жылдың желтоқсанында Қытайдың Ухань қаласында анықталған коронавирус инфекциясы аз уақыттың ішінде әлемге тарап, жаһан жұртшылығын дүрбелеңге салып қойды. Соның салдарынан әлемдік экономика құлдырады, жағдай әлі де мәз емес. Тығырықтан қашан шығары да белгісіз. Оның үстіне жыл басында коронавирустың мутацияланған Дельта штамы дүрбелең тудырса, енді міне Африкада анықталған тағы бір штамм – омикрон жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы деректеріне қарағанда, вирустың омикрон штамы 110 елде, ДДСҰ-ның барлық алты өңірінде анықталған. Бұл штамм «дельта» штамына қарағанда, тез таралады. Оңтүстік Африка, Ұлыбритания және Дания елдерінен алынған деректерге сәйкес, омикрон штамын жұқтырғандар вирустың «дельта» штамын жұқтырғандарға қарағанда ауруханаға сирек түседі. Мұны «омикрон» штамына ағзаның иммундық қорғанысының қатты әсер етпейтіндігімен түсіндіруге болады.

Қазіргі уақытта Еуропа елдері омикрон штамынан қатты зардап шегуде. Мәселен, Ұлыбритания астанасы Лондон мэрі Садик Хан 18 желтоқсаннан бастап қалада төтенше жағдай енгізді. Трафальгар алаңында өтуі жоспарланған барлық салтанатты іс-шаралар тоқтатылды. Ағылшын премьер-лигасы аясында жоспарланған алты футбол матчы кейінге қалдырылды. Ал Франция мен Германия британдықтардың келуіне шектеу енгізсе, Нидерланды ағылшындықтарға 10 күндік міндетті карантин енгізді. Нидерландының өзінде де жағдай оңып тұрған жоқ. Ел Премьер-Министрі 19 желтоқсаннан локдаун енгізді. Осы уақыттан бастап азық-түлік дүкендерінен басқа барлық дүкендердің, мейрамханалар, барлар, фитнес клубтар мен сұлулық салондары жұмыстарын тоқтатты. Австрия 27 желтоқсаннан бастап көңіл көтеру орындарына коменданттық сағат енгізеді. Бұл шектеулер Жаңа жыл кешінде де қолданыста болады. Франция, Германия, Италия, Испанияда да омикрон штамына байланысты шектеу іс-шаралары қолға алынған.

Абырой болғанда Қазақстанда омикрон штамы тіркелген жоқ. Бұл штаммның елге келуіне жол бермеу үшін Үкімет Қазақстанға 11 елден (Ботсвана, ОАР, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Танзания, Малави және Гонконг) шетел азаматтарының кіруін шектеді. Омикрон штамынан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елден келген адамдар: Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет вакциналанғанына қарамастан міндетті түрде 72 сағаттан кешіктірмей ПТР тестілеуден өтеді. Мұнан бөлек, «омикрон» тудырған КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР-тестінің нәтижесіне қарамастан 7 күн мерзімге үй карантиніне жіберіледі.

Токио Олимпиадасы

2020 жылы өтуі тиіс болған Токио Олимпиадасы коронавирус инфекциясының таралуына байланысты 1 жылға кейін шегеріліп, осы жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында ұйымдастырылған болатын. Төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі дода нәтижесінде АҚШ - 39, Қытай - 38, ал Жапония 28 алтын медаль еншілеп көш бастады. Биыл дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Олимпиада бағдарламасына алғаш рет бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді спорттың бес түрі енгізілген. Айтулы аламанға жұмыр жер бетіндегі 206 мемлекеттен 11 мыңнан астам спортшы қатысты. Жарысқа қатысушылардың тең жартысына жуығы әйелдер болды.

8 тамызда Токио Олимпиадасының жабылу салтанаты өтіп, ресми жалауы алдағы Жазғы Олимпиада ойындарының қожайыны Францияға табыс етілді. Келесі жазғы ойындар Париж қаласында 2024 жылдың 27 шілдесі мен 11 тамыз аралығында өткізіледі деп жоспарланған.

Айта кетерлігі, Токио Олимпиадасында алғаш рет қазақстандық спортшылар алтын медальсыз қалды. Жалпы бұл байрақты бәсекеде еліміздің намысын 97 спортшы қорғап, спорттың 28 түрінен бақ сынаған болатын. Олардың ішінде тек 8 спортшымыз қола медаль жеңіп алып, қорытынды командалық есепте Қазақстан құрамасы 83-орынға тұрақтады. Дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, палуан Нұрислам Санаев пен каратэші Дархан Асаділов пен Софья Берульцева Олимпиада жүлгері атанды.

АҚШ Президентін сайлаудан кейінгі аласапыран

2020 жылдың 3 қарашасында басталған АҚШ-тағы президент сайлауында елдің бұрынғы вице-президенті, демократтар өкілі Джо Байден жеңіске жетті. Бірақ, Дональд Трамп бұл нәтижемен келіспейтінін білдіріп, сотқа жүгінетінін жеткізген болатын. 2021 жылдың 6 қаңтарында Вашингтонда Капитолийде, сайлау қорытындысын талқылау жүрді. Дәл осы талқылау барысында сайлаушылар дауысы сертификатталуы тиіс еді. Алайда, Дональд Трамп жақтастары Капитолийге лап беріп, ғимаратты басып алды. Осыдан кейін күзет қызметі сенаторлар мен конгрессмендерді шұғыл арада қауіпсіз жерге шығаруға мәжбүр болды. Тәртіпсіздіктер барысында кемінде бес адам қаза тауып, ондаған полиция қызметкері жарақат алды.

Дәл осындай жайт орын алғаннан кейін сол күні АҚШ Конгресі Трампты мемлекетті басқару өкілеттігі мен міндеттерінен айыру немесе оған қатысты АҚШ Конституциясының 25-ші түзетуінің 4-бабын қолдану арқылы сенімсіздік таныту туралы бастама көтерді. Дегенмен, ақылға келген Трамп өз еркімен отставкаға кетті. Айта кетерлігі, АҚШ конгресі оған сенімсіздігі танылған кезде жоғарыда аталған 25-ші түзетуге сәйкес АҚШ Президенті лауазымы бірнеше күнге вице-президентке жүктелетін еді.

Сонымен АҚШ-тың 46-шы Президенті Джо Байденді ұлықтау рәсімі 20 қаңтарда өтті. Бір қызығы, бұл салтанатты іс-шараға Дональд Трамп қатысқан жоқ. Мұндай жайт АҚШ тарихында 1869 жылдан бері алғаш рет орын алып отыр. Сол кезде АҚШ-тың 18-ші Президенті Улисс Гранттың инаугурациясына оның алдындағы Мемлекет басшысы Эндрю Джонсон қатыспаған болатын. Тағы бір қызық дерек, Трамп лауазымнан кеткеннен кейін «ядролық шабаданды» Байденге табыстаған жоқ. Қалыптасқан дәстүрге сай Президенттер бірінен кейін біріне оны табыстап кететін. Осыдан кейін Байденге жаңа «ядролық шабадан» жасатуға тура келді.

Кәрі құрлықтың басты оқиғалары мен кикілжіңдер

2021 жылдың 1 қаңтарында Ұлыбритания Еуропалық одақ құрамынан толық шықса, 2005 жылдан бері Германияның 8-ші Федералды канцлері болған Ангела Меркель қызметінен кетті. 2021 жылдың 8 желтоқсанынан оның орнын Олаф Шольц басты. Наурыз айының басында Франция соты елдің экс-президенті Николя Саркозиді жемқорлыққа кінәлі әрі судьяларды сатып алмақ болды деп таныды. Осылайша, ол 3 жылға сотталды. Дегенмен, оның 2 жылын ол шартты түрде өтейтін болады. Саркози болса өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

Сәуір айының ортасында Чехия Ресей Федерациясы Елшілігінің 18 қызметкерін ресми түрде елден шығарды. Чех билігі ресейлік дипломаттарға 2014 жылы әскери оқ-дәрі қоймасындағы жарылысқа қатысы бар деген айып тақты. Ресей де қарап қалған жоқ. Мәскеуде Чехия Елшілігінің 20 қызметкерін «персона нон грата» деп жариялады.

Қарашада Польша мен Беларусь шекарасында миграциялық дағдарыс басталды. Таяу Шығыс босқындары Беларусь шекарасымен Польша, Литва арқылы Еуропа елдеріне өтуге тырысатыны белгілі. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған еуропалық екі ел Беларусьпен шекарада төтенше жағдай режимін енгізген.

Жалпы, Еуропадағы миграциялық дағдарыстың басталғанына біраз жыл болды. Соғыс, саяси ахуал нашар Сирия, Ауғанстан, Ирактан, тұрмыс-тіршілік күрделене түскен Ливия, Тунис, Алжирден босқындар жайлы өмір іздеп, 2015 жылдан бері Еуропаға Жерорта теңізін балықшылар кемесін немесе үрлемелі қайықты пайдаланып лап қоюда. БҰҰ деректеріне қарағанда, 2015-2020 жылдары аралығында Жерорта теңізінде 17 мың адам суға кеткен немесе із-түссіз жоғалған. Еуропол (ЕуроОдақтың полиция қызметі) деректеріне қарағанда, 5 жылдың ішінде Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан келген босқындар Еуропалық одақ аясында 118 теракт жасап, соның салдарынан 382 адам қаза тапқан.

Ауғанстан билігі тәліптердің қолында

2021 жылдың 1 мамырында НАТО «Батыл қолдау» миссиясының күштерін Ауғанстаннан шығаруды бастады. Тамыз айында миссия толығымен аяқталды. Содан-ақ «Талибан» қозғалысының іс-қимылдары жанданып, аз уақыттың ішінде тәліптер Ауғанстан билігіне келді. Осыдан кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі «Талибан» қозғалысынан өз міндеттерін орындап, Ауғанстаннан кетуді қалайтындарға мүмкіндік беруді талап ететін қарарды мақұлдады. Онда Ауғанстаннан кеткісі келетін барлық ауғандықтар немесе шетелдік азаматтардың кез келген уақытта әуе немесе құрлық шекаралары арқылы еш кедергісіз елден кетуіне мүмкіндік беретіні көрсетілген.

БҰҰ бағалауы бойынша, 23 миллион ауғандық аштықтан көз жұмуы мүмкін. Тұрғындардың 95 пайызы тойып тамақ ішпейді. «Талибанның» ресми өкілі Сухейль Шахин бәріне халықаралық қоғамдастықты кінәлайды. Оның айтуынша, ауған халқы Батыстың кесірінен жапа шегіп отыр.

«Олар елдің құлдырап жатқанын, ашаршылық алдында тұрғанын айтуда – бұл қайғылы жағдайдың алдын алу үшін бірдеңе істесін. Адам құқығы туралы айтып жүрген елдер, халықаралық қоғамдастықтар Ауғанстанды гуманитарлық дағдарысқа әкелетін әрекеттерін тоқтатсын», - дейді Шахин.

Жалпы, әлем елдері Ауғанстанда мүмкіндігінше көмек көрсетіп жатыр. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Таяуда еліміз ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жіберді. Қазақстан мұнан да өзге көмек түрін көрсетуге дайын. Мұны таяуда ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді.

«Бұл елдегі күрделі гуманитарлық жағдай бүкіл әлемдік қоғамдастықтың назарында болуы тиіс. Біздің саяси көзқарасымыз бен жеке наным-сеніміміз қандай болса да, Ауғанстанды теңдессіз қиындықтармен жалғыз қалдырмауымыз қажет. Бұл істегі нақты үлес ауған халқына гуманитарлық көмек болмақ. Қазақстан қазірдің өзінде азық-түлік пен бірінші қажетті тауарларды жеткізуге кірісіп кетті. Бұл жұмысты жүйелеу үшін Ауғанстанға халықаралық көмек көрсету жөніндегі логистикалық хаб құруды ұсынамыз. Ауғанстанға дағдарыстың өткір кезеңін еңсергеннен кейін де БҰҰ институттары тарапынан мұнан арғы да жүйелі қолдаудың қажет болатыны сөзсіз. Осынау маңызды міндетке біз ұсынып отырған Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы бастама жауап бере алады. Достастық елдерінің осы жоспарлардың жүзеге асырылуына жәрдем беретініне үміттенеміз», - деген еді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар