ДСҰ басшысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға қызығушылық білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшелеріндегі және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдардағы Тұрақты Өкілі Жанар Айтжанова Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Роберто Азеведоға сенім грамотасын тапсырды. Кездесу барысында тараптар көпқырлы келіссөздер үдерісінен туындайтын халықаралық сауданы реттеу саласындағы Қазақстан үшін маңызды мәселелер бойынша пікірлер алмасты. Бұл туралы сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен хабарланды.

Жүздесуде Р. Азеведо өзінің жақында елімізге болып өткен ресми сапарының қорытындыларына қанағаттанатынын жеткізіп, Қазақстанның сауда процедураларын оңайлату жөніндегі келісімге қатысты атқарып жатқан шараларын жоғары бағалады. Сонымен қатар, ДСҰ басшысы бүгінгі таңда Ұйым мүшелерінің 62 пайызы Зияткерлік меншікті қорғау туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы (ТРИПС) қабылдағанын жеткізіп, бұл құжаттың Қазақстан тарапынан ратификациялау мүмкіндігін жеделдету мәселесін көтерді. Оның айтуынша, аталған хаттама әлемнің дамушы елдері үшін қымбат емес дәрілік заттарға қолжетімділікті айтарлықтай жеңілдетуге бағытталған.  Бұдан бөлек, Р. Азеведо Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықарлық көрмесіне қатысуға өзінің қызығушылығын танытты.

Өз кезегінде Қазақстанның Тұрақты Өкілі ДСҰ жаңа мүшесі ретінде еліміздің ұйым жұмысына белсене араласуға қатысты ниетін растап, бұндай қадамның Қазақстан мен барша көпқырлы халықаралық сауда желісінің игілігіне айналатынына сенім білдірді.   

Соңғы жаңалықтар