Досын шампурмен өлтірген Орал тұрғыны 11 жылға сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Досының жүрегіне шампур тығып өлтірген Орал тұрғынына сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Замир Рысмұхамбетов ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды.

Сот талқысында анықталғанындай, 32 жастағы З.Рысмұхамбетов пен 30 жастағы жәбірленуші Артур Бекжанов ортақ таныстарының ұлының дүниеге келуіне арналған отырыста болған. Ішімдік ішу барысында екеуі бір-бірімен сөзге келген. Ақырында З.Рысмұхамбетов шампурмен А.Бекжановтың жүрек тұсынан бір рет соққы жасаған. Ол сол жерде жан тапсырған.

Істі қараған судья Шара Зайнуллинаның айтуынша, З.Рысмұхамбетов кінәсін ішінара мойындаған. Өлтіру ойында болмағанын, шампурды абайсызда салып алғанын айтқан.

Алайда сотталушының қасақана өлтірудегі кінәсі оның күдікті ретінде берген жауаптарымен, сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, сарапшылардың, куәлардың сөздерімен, басқа да іс материалдарымен дәлелденген.

З.Рысмұхамбетовтің қылмысы аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Сондықтан ол 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сонымен қатар жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, 3 млн теңге моральдық залал өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар