Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» беташар матчында қарсыласына есе жіберді
Кездесу аса тартысты өтті.
Бірінші таймда айдын иелерінен 30-минутта Антон Пономарев есеп ашқанымен, 43-минутта «Ақжайық» құрамындағы ресейлік легионер Максим Пахомов таразы басын теңестірді.
Ойынның екінші кезеңінде тағы бір ресейлік Сергей Башаев (60-минут) оралдықтарды алға шығарды. Алайда 70-минутта қонақтар қақпасына белгіленген 12 метрлік айып добын Александр Бескровный дәл орындады. 87-минутта «Ақжайық» қақпашысы Вячеслав Горчаков тағы бір пенальтиді қайтарғанымен, Дмитрий Шадрин жеңіс голын соғып кетті.
Осылайша «Никельщик» командасы 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Ресейлік төрешілер қонақтарды 80 минуттық айып уақытымен жазалап, тіпті 85-минутта оралдық қорғаушы Илья Глуховқа қызыл қағаз көрсетіп, айдыннан қуды.
Командалар ертең екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» құрамында бірқатар өзгерістер болғанын жазған едік.