Допты хоккей: «Ақжайық» өз тобында көш басына көтерілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» Орынборда «Локомотивпен» кезекті ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресей допты хоккей федерациясынан алынған мәліметке қарағанда, батысқазақстандық клуб 7:1 есебімен жеңіске жетті.

Бірінші таймда «Ақжайықтан» Артем Лапшин есеп ашса, Сергей Башаев 2:0-ге жеткізді. Содан кейін команда сұрмергені, тағы бір ресейлік легионер Максим Пахомов қарсыластың қақпасына қос гол енгізді – 4:0. Бұдан кейін «Ақжайықтың» қақпашысы Вячеслав Горчаков Алексей Петров соққан 12 метрлік айып добын қайтарды.

Ойынның екінші кезеңінде сол А.Петров гол салғанымен, С.Башаев (екі рет), М.Пахомов есепті ұлғайта түсті – 7:1.

Осылайша бұл матчтан кейін 55 ұпай жинаған Николай Шавалдиннің шәкірттері екінші топта бірінші орынға көтерілді. Бұған дейін 54 ұпаймен көш бастап келе жатқан «Маяк» (Краснотурьинск) командасы Первоуральскіде «СКА-Свердловск» клубынан 1:8 есебімен ұтылып қалды. Үшінші орындағы «Знамя-Удмуртия» (53 ұпай) бүгін Воткинскіде «Динамо-Қазан-2» (Қазан) командасын қабылдайды. «Знамя-Удмуртия» көш соңында келе жатқан клубты тізе бүктірсе, бірінші орынға шығады.

Енді «Ақжайыққа» финалдық сайыстарда берілетін екі жолдаманың бірін иелену үшін ертең Орынборда «Локомотивпен» болатын екінші матчты ұтса, жеткілікті. Ал үш топтың үздіктері қатысатын финалдық турнирде Ресей суперлигасының жолдамасы сарапқа салынады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» өз айдынындағы соңғы кездесуін де жеңіспен аяқтағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар