Домбыра жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді - шебер

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Домбыра жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне көкшетаулық бес саусағынан өнер тамған ұста, ағаштан ұлттық бұйымдарды жасаумен айналысатын шебер Шоқан Еламанов айтты.

Оның айтуынша, домбыра жасау - ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан атакәсіп. Ескіден келе жатқан дәстүрге адалдығын сақтаған адамдар ғана айналыса алады.

«Домбыра жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның өзіндік құпиясы бар. Әр шебер өз құпиясын кез келген адамға жайып салмайды. Алайда, ең басы құпиясы - ол әрине, домбыраның ағашына байланысты. Ағашы қандай болса, үні де сондай әуезді болып келеді», - дейді Шоқан Еламанов.

Сонымен қатар, шебер домбыраның ағашынан бөлек, оны жасаған адамның қолына да байланысты екенін айтты. Әр ұста домбыраны жасау технологиясын білуі тиіс.

«Алдымен, аспапқа лайықты ағаш таңдалады. Ол әбден кептіріледі. Содан соң домбыраның шанағын белгілі бір заңдылықтарға сәйкес орталастыру қажет. Бет тақтайының қаттылығы, қалыңдығы - бәрі есептеледі. Сәл қиыс кетсе, дыбыс дұрыс шықпауы мүмкін», - дейді Ш. Еламанов.

Кез келген ағаштан шауып, домбыра істеуге болады. Бірақ, оның барлығы домбырашылардың көңілінен шыға бермейді. Сондықтан, Шоқан әр жасаған домбырасын кәсіби домбырашыларға көрсетіп, ақыл-кеңесін алып отырады.

«Менің басты ақылшым, домбырамның сыншысы - дәулескер домбырашы Сәкен Біржанов. Әр жасаған домбырамды Сәкеңе көрсетіп отырамын. Ол кем-кетігі мен жақсы тұсын айтып отырады. Келесі жолы домбыра жасағанда оның ескертулерін ескеруге барынша тырысамын», - дейді шебер.

Ағаштан түйін түйіп, жансызға жан бітірген Шоқан шебердің шапқан домбыраларын осы күні елге танымал, айтулы ақындар ұстап, өнер көрсетіп жүр. Аптасына бір домбыра жасайтын шебердің сөзінше, соңғы жылдары ұлттық аспапқа деген сұраныстың артқаны байқалады.

Соңғы жаңалықтар