Домбыра күні: Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 4 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай елордада әйгілі күйші, халық композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, танымал күйші Айгүл Үлкенбаева Д. Нұрпейісова ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биыл дарынды өнер иесінің дүниеге келгеніне 160 жыл толады.

«Қара сөзден құрыш құйған Қадыр Мырза Әліден қалған сөз бар: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген. Әрине, ақынның тұтас халықты бір ғана аспапқа теңеп, ұлттың мінезі мен болмысын дәл осылай сипаттауында терең мән жатыр. Өйткені, жұртымыздың мұңы мен жыры, қуанышы мен жақсылығы домбыраның шанағынан төгіліп түсіп, шартарапқа жайылып жатты. Халқымыздың жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезеңдерін бастан өткеріп, заманның жауыны мен дауылынан аман қалған шақтарын, бейбіт те берекелі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған барақатты сәттерін қара домбыраның тілі мен үні тарих бетіне таспалады. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Домбыра сенде мін бар ма, Мінсіз болсаң тіл бар ма, тіл жоқ деуге бола ма, тілден артық үн барда» деп жырлауы да сондықтан болса керек.

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Халқымыз үшін қастерлі қасиетті аспаптың қадірін арттыра түсу үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен арнайы Домбыра күнін белгілегенін жақсы білесіздер. Бұл – бүгінгі ұрпақтың ұлттық құндылыққа көрсеткен үлкен құрметі. Биылғы Домбыра күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен дәулескер күйші, ел ішінде күй анасы атанып кеткен Дина Нұрпейісоваға Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында елорда төрінен еңселі ескерткіш ашылып отыр. Сондықтан, бүгінгі шараның үлкен символдық мәні бар», - деді Қырымбек Көшербаев ескерткіштің салтанатты ашылуында.

Қаршадайынан қара домбыраға құмар болған Дина Кенжеқызының аты елге ерте тарала бастайды. Жұрт оны жастайынан домбырашы қыз атай бастайды. Бірде шалқытып, бірде қалықтатып төгілген күйін ел елжіреп тыңдаған деседі.

«Аты алысқа кеткен күйші қызды күндердің-күнінде Құрманғазының өзі іздеп келіпті. Динаның қабілетін байқап, қарымын сынапты. Күй атасы Құрманғазыдан тоғыз жыл тәлім алған Дина Нұрпейісова – күй өнерін әбден меңгеріп, Дәулеткерей, Мүсірәлі, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма сынды даңқты өнерпаздардың асыл мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізген, ғасырлар арасын жалғаған алтыннның үзігіндей ардақты адам. Ұлттық өнердің өңін өзгертпей, бір дәуірден екінші дәуірге жеткізуімен де қалың қазақ үшін құрметті. Өйткені Динаның орындауында талай күй кейінге жетіп, нотаға түсіп, хатталып қалды. Өшпес, өлмес дүниенің бар байлығынан да қымбат қазына бүгінге Дина Нұрпейісованың арқасында жетті», - дейді Мемлекеттік хатшы.

Сонымен бірге, ескерткіштің ашылуына Дина Нұрпейісованың шөбересі, республикалық «Күй анасы» қорының директоры, қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев қатысты.

«Бұл жұмыстар осыдан 1-2 жыл бұрын басталған-ды. 20-ға жуық өнер қайраткері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазды. Бүгінгі салтанатты ашылу – сол жұмыстардың нәтижесі. Біз үшін жаңа ескерткіш эстетика тұрғысында жоғары деңгейде жасалған. Оның басты құндылығы – ескерткішке қарағанда ұрпақтармен жылы байланыс орнауы. Міне, мен осындамын, мені халқым құрметтеп, ескерткіш қойды. Сен де ерінбей еңбексенсең, халқыңның құрметіне бөленесің. Бұл жастарды, әсіресе ұлттық аспап домбыра шертетіндердің өнерін шыңдауға жетелейді. Ескерткіш осыған шақырады», - деді Төлеген Қуанышев.

Жаңа ескерткіштегі мүсінді белгілі мүсінші Жалын Бауырқан жасаған.

«Дина әжеміздің мүсіні таза қоладан жасалған. Мұнда 16 жұмыс конкурсқа қатысып, оның ішінде 3 жұмыс мемлекеттік комиссияға жіберілген еді. Онда атақты мүсіншілердің жұмыстары болды, бірақ мемлекеттік комиссия 90 жастағы әженің түрегеп тұрған емес, отырған образын таңдады. Осылайша, мүсіннің биіктігі 2,75 метр, тұғырын қосқандағы жалпы биіктігі – 5 метр 50 сантиметр болды. Ескерткіш тұғыры тастан шабылған, салмағы шамамен 45 тонна.

Дина апаның образын табу үшін біраз материалдар жинақтадық, оның ұрпақтары да бұрын жарияланбаған фото-видеоларын берді, солардың негізінде образ шығардық. Дина апаның қолындағы домбыраға келсек, батыстық домбыра стиліне жүгіндік, себебі ондағы домбыралардың шанағы үлкендеу болады. Ол кісінің де саусақтары салалы ұзын болған. Сондай ерекшеліктерін мүсінде ескеруге тырыстық. Жалпы мүсінді дайындауға құю, монтаждау, тұғырға орнатуға 3 жарым айдай уақыт кетті», - деді мүсінші Ж. Бауырқан тілшілерге берген сұхбатында.

Айта кетейік, ескерткіш Абылай хан даңғылы мен Күйші Дина көшелерінің қиылысында орналасқан. Оның ашылу салтанатынан кейін елордалық мемлекеттік филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі Дина күйлерін орындап, келушілерге шағын концерт берді.


Соңғы жаңалықтар