Домалақ ана, Жәңгір хан, Мұқағали Мақатаев және басқа тұлғалар жайлы 6 тарихи сериал эфирге шығады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Алматыда «Қорқыт ата» телехикаясы шығармашылық тобының отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысты.

«Осы жылдың басында Түркияға ресми сапармен барғанда бірқатар ортақ келісімдерге қол жеткізген едік. Соның бірі – түркі жұртына ортақ тарихи тұлғалар туралы сериалдар түсіру. Қорқыт ата – түркі әлемінің ең ұлы тұлғаларының бірі, барлық түркі халқына ортақ тұлға, ортақ мұра. Сондықтан бұл туынды тек біздің көрермендерге ғана емес, басқа да елдерде үлкен сұраныс әкеледі деп сенемін. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерін осы жобаға шақырып, әріптестік орнату жөнінде ұсыныс жасадық. Қазір тиісті келіссөздер жүріп жатыр», - деді министр А.Балаева телехикаяның шығарашылық тобымен кездесуде сөйлеген сөзінде.

Жоба продюсері - Шолпан Батырбаева. Бас кеңесшісі – өнертанушы, этнограф Берік Жүсіпов.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл жыл соңына дейін 6 тарихи телехикая ұсынады. Олардың қатарында Домалақ ана, Жәңгір хан, Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев, Мұқағали Мақатаев сынды ұлы тұлғаларымыз бар. Тарихи жобалардың шығармашылық топ құрамын бекіту – ең күрделі процесс. Жылдан-жылға тарихи сериалдар өндірісін арттыру арқылы нарықта осы салаға, яғни, тарихи сериалдар өдірісіне бейімделген мамандарды көбейттік, компаниялар саны да артты. Бұл - тарихи телевизиялық жобалар сапасының арта беретінін білдіреді. Осы мақсатта тиісті министрліктің қолдауымен биыл тұңғыш рет өндіріске үш жылдық мерзім беріліп отыр. Төрт бөлімді «Қорқыт ата» телехикаясының биыл тек сценарийі жазылады», - деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Отырысқа этнограф Тынысбек Қоңыратбаев, қиносыншы Дәрежан Өмірбаев, журналист, әдебиеттанушы Әлия Бөпежанова, кинотанушы Гүлжан Наурызбекова, журналист Қайнар Олжай, өнертанушы, профессор Сағатбек Қалиев, сценарист Бекзат Мырзахмет қатысты.


Соңғы жаңалықтар