Долларға қатысты жағдай: Қазақстандықтарға KASE саудасын күтуге кеңес берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Telegram-дағы Tengenomika каналы ел тұрғындарына 10 наурызда өтетін Қазақстан қор биржасының (KASE) сауда-саттығын күтуге кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Kurs.kz сайтының мәліметінше, валюта айырбастау пунктерінің көбісі АҚШ валютасын сатуды тоқтатқанын, сондай-ақ олардың кейбірі 1 АҚШ долларын теңгеге шаққанда 420-дан өткізуге талпынып жатқанын ескерсек, бөлшек нарықта дүрбелең туды. Осыған байланысты барша тұрғындарды сабырлық сақтауға шақырамыз», - делінген хабарламада.

«Біріншіден, бүгін демалыс күні болғандықтан, Қазақстан қор биржасында сауда жабық. Сәйкесінше, АҚШ доллары мен теңгенің биржалық бағамын нақты айқындау мүмкін емес. Сондықтан үйдің жанында тұрған жеке бір валюта айырбастау пунктінің деректеріне сүйену дұрыс болмас. Өйткені, бұл пунктер қазір валюта саудасында кез келген бағамды қоя салуы мүмкін. Осы орайда сейсенбі күнін күткен жөн, яғни 10 наурызда KASE жұмысы басталады», - деп атап өтілген Tengenomika каналы берген кеңесте.

Сонымен қатар онда мұнайдың қазіргі құны бір баррель үшін 35 доллар шамасында екені, бұл өз кезегінде теңге бағамына елеулі әсер ететіні айтылған. Дегенмен, бұл жағдайда да нақты түсінікті Ұлттық банктен алған жөн болады.

Сарапшылардың атап өтуінше, 30-35 АҚШ доллары шамасындағы мұнай бағасы шын мәнінде өндірушілердің ешқайсысына тиімді емес.

Атап айтқанда, қазіргі коронавирус эпидемиясы жағдайында Ресей мен Сауд Арабиясының «баға соғысы» салдары мұнай экспорттаушы елдерге залалын тигізеді. Сондықтан бұл жағдайдың ұзаққа созылуы мүмкін емес. 18 наурызда ОПЕК+ техникалық комитетінің отырысы өтеді. Онда келіссөздер барысы түбегейлі өзгеруі ықтимал.

«Осылайша, бұл жағдайлардың барлығын ескере отырып, валюта айырбастау пунктеріне жүгірудің қажеті жоқ. Нақтырақ айтқанда, ертеңгі күнді күту керек. Сол кезде де теңгені долларға айырбастау қаншалықты дұрыстығын ойлаған жөн», - делінген Telegram-каналда.


Соңғы жаңалықтар