Докторант диссертация жазбай-ақ ғылыми дәрежесін қорғай алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылдан бастап докторанттар PhD дәрежесін диссертация жазбай-ақ қорғай алады. Ол үшін танымал ғылыми журналдарға сапалы мақала жазуы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білім және ғылым министрлігінің аппарат мәжілісінде Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова осындай жаңашылдықты мәлім етті.

«2020 жылдың мамыр айынан бері докторанттан талап етілетін ғылыми мақалалар саны 7-ден 4-ке қысқартылған болатын. Енді ғылыми мақаласы аса жоғары библиометрикалық көрсеткіштерге ие болса, докторант 1-2 мақаланы негізге алып-ақ, қорғауға шыға алады. Биыл жаңа бұйрық күшіне енгеннен бастап, докторант диссертация қорғаудың формасын өзі таңдай алады. Бұрынғыдай диссертациялық еңбек жазып қорғауына болады немесе үздік жазылған мақаласын диссертациялық еңбек ретінде пайдалана алады. Бірақ мұндай мақаланың болуы докторантты ғылыми дәрежені қорғаудан босатпайды», - деді Гүлзат Көбенова.

Оның сөзінше, комитет ғылыми еңбектер жаиялауға хақылы басылымдардың жаңа тізбесін қалыптастырып жатыр. Былтыр тізімде 177 журнал болса, биыл 40 басылым тіркеліпті. Тағы 15 басылым қаралып жатыр. Ал 16 журнал бойынша ұсыным хаты кері қайтарылған. Оның себебін комитет басшысы журналдардың техникалық талаптарға сай келмеуінен, ғылыми еңбекті онлайн жариялаудың мүмкіндігі жоқтығынан және ғылыми еңбек жаиялау әдебін сақтамаудан деп түсіндірді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Гүлзат Көбенова PhD дәрежесін қорғау кандидаттық диссертация деңгейінде қалып қойғанын мәлім еткен болатын.

Аталмыш шарада министр Асхат Аймағамбетов ғылыми дәреже қорғаушылардан диссертацияның қазақ тіліндегі нұсқасы талап етілетінін айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар