«Дипломмен ауылға»: Қостанай облысында 4 мың жас маман жұмысқа орналасты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының мектептеріне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 4 мыңға жуық жас маман жұмысқа алынды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде Білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында оқушылар мен педагогтердің жағдайын жақсартуға басымдық берілген. Бұл бағытта облыста жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезде өңірде 110 113 оқушысы бар 494 мектеп жұмыс істейді.

Осы жылы білім беру нысандарының сапасын арттыру мақсатында Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында 1,1 млрд теңге сомасына және Қостанай қаласының «Юбилейный» шағынауданында 3,1 млрд теңгеге 2 заманауи мектеп салынды. Қарасу ауданының Қарасу ауылында 1,3 млрд теңгеге 320 орынға арналған мектептің құрылысы басталды. Келесі жылы Қарабалық ауылында да дәл осындай мектеп пайдалануға беріледі.

«Қостанай автомобиль көлігі колледжінің жанынан 500 орындық, Қостанай жоғары медициналық колледжінен 250 орындық екі жатақхананың құрылысы басталды. 2021 жылы Қостанай жоғары политехникалық колледжінен 500 орынға арналған жатақхана салынады. Оның құрылысына 1,4 млрд теңге жұмсалады. Білім беру объектілерінің апаттылығына жол бермеу үшін жыл сайын күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізіледі. Биыл 133 білім беру объектісіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 11,2 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Алтынсарин орта мектебіне 385 млн теңгеге күрделі жөндеу жоспарланып отыр», - дейді Зәуре Бәйменова.

Бүгінде өңірде мұғалімнің беделін көтеру үшін қажетті шаралар қабылдануда. Мәселен, «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы облыс мектептеріне 4 мыңға жуық жас маман жұмысқа тұрды. Бұған қоса 3,5 мың педагогқа 463,3 млн теңгеге көтерме жәрдемақы төленді.

«Ұстаздарға үй сатып алу үшін қазына қаржысынан 4 млрд теңгеге алынды. Осылайша, бір жарым мыңнан астам маманға несие берілді. 2020 жылы 280 маманға әлеуметтік қолдау көрсетілді. 20 мыңнан астам қостанайлық педагогтың мүдделерін қозғайтын «Педагог мәртебесі туралы» Заңды іске асыру үшін облыста 14 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Заңда мұғалімдердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған материалдық ынталандыру нормалары қарастырылған. Мысалы, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтардың орташа жалақысы 25% өссе, ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 25% артады. Педагогтерге тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу енгізілді және магистр дәрежесі ескеріледі. Сонымен қатар 5 мыңнан астам мұғалім педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы алады. Мысалы «шебер» санаты үшін лауазымдық жалақыдан – 50%, «зерттеуші» – 40%, «сарапшы» – 35%, «модератор» 30% мөлшерінде қосымша ақы төленеді. 2020 жылы бұл мақсаттарға 3 млрд теңгеден астам қаражат игерілді», - деді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар