Диплом, ПТР тест, жеке куәлік: Елімізде қандай құжаттардың электронды нұсқасы жарамды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметтер жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, в едомствоаралық комиссияның отырысында цифрландыру мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, «Цифрлық құжаттар» жобасын іске асыру бойынша міндеттер, қызметтерді үздіксіз ұсыну мүмкіндіктері және басқа да мәселелер қаралды.

ҚР ЦДИАӨМ құжаттардың түпнұсқасын ұсыну қажеттігін болдырмайтын «Цифрлық құжаттар» сервисін іске асырды.

Қазіргі уақытта сервисте мынандай 9 құжат ұсынылған: Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, некені тіркеу немесе бұзу туралы, баланың тууы туралы және атын, тегін, әкесінің атын өзгерту туралы куәліктер, жүргізуші куәлігі, білімі туралы диплом, студенттік билет, ПТР-тест нәтижесі.

Ағымдағы кезеңде бұл құжаттарды заңды түрде қолдануға болады. Өйткені «Ақпараттандыру туралы» заңда электрондық құжаттар цифрлық құжаттар сервисі арқылы қалыптастырылады, тексеріледі және пайдаланылады, яғни қағаз құжаттармен қатар қолданыла алады деген норма енгізілген.

Сондай-ақ, құжаттардың түпнұсқаларын міндетті түрде ұсыну талап етілмейтін процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар, 2020 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 90% - дан астамы электрондық форматта қолжетімді болады. Бұл ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмысының өзектілігін арттырады.

Осыған байланысты ақпараттық жүйелердің іркілістерін үздіксіз қамтамасыз ету және мониторинг жүргізу мақсатында қазіргі уақытта «Зерде» ҰИХ» АҚ технологиялық процестерге қатысушылар арасында жауапкершілікті шектеу бойынша «ҰАТ» АҚ-мен бірлескен жұмыстар жүргізуде. Осы жұмыстарды оңтайландыруға мүмкіндік беретін SLA (Service Level Agreement, Қызмет көрсету деңгейі туралы келісім) қағидаты бойынша мемлекеттік органдармен келісімдер жасауды қамтамасыз ету ұсынылды.

Сондай-ақ, азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша электрондық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді қағаз нысанда беруді болдырмау бөлігінде 25 НҚА-ға өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Қызмет көрсету нәтижесі қызметті алушының Egov порталындағы жеке кабинеті арқылы қолжетімді азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы QR-коды бар электрондық анықтама болатыны күтілуде.

Бұдан басқа, ҚР ІІМ, ҚР БҒМ, ҚР АШМ-де сұранысқа ие қызметтер қаралды. Осылайша, ҚР ЦДИАӨМ ҚР БҒМ-мен бірге әлеуметтік сипаттағы білім беру қызметтері бойынша белсенді форматты енгізуді жоспарлауда. Мысалы, үйде тегін оқытуды ұсыну, мектеп жанындағы лагерьлерге мектеп оқушыларына жолдама беру, ауылдық мекендерге тегін жеткізу және жеңілдікпен тамақтану.

Мәжіліс орталық мемлекеттік органдар, «Зерде» ҰИХ» АҚ, «ҰАТ» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті.


Соңғы жаңалықтар