Дина Нұрпейісова ескерткіші алдында балғын өнерпаздар концерт қойды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада дауылпаз күйші Дина Нұрпейісованың ескерткіші алдында күй жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналып келеді. Екінші мәрте өткен шара өте әсерлі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесі, қалалық жастар саясаты басқармасы және «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдастырған күй кешіне Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданындағы Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің елуге жуық шәкірті арнайы келіп қатысты.

Қолына домбыра ұстаған балдырғандарды көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алды. Олар Құрманғазы мен Динаның күйлерін орындап, қошеметке бөленді.

Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің ұстазы, Д.Нұрпейісованың шығармашылығы мен өмір жолын зерттеушісі Гүлбар Шуақбаева елорда жұртшылығына Ақ Жайық өңірінің сәлемін жеткізді.

«Біз Дина шешеміздің туған жерінен келіп тұрмыз. 43 балдырған Дина ескерткішіне гүл шоғын қойып, «Күй жәрмеңкесінде» өнерін ортаға салды. Балалардың қуанышында шек жоқ. Шаршау, жабырқау дегенді білмейді. Елорданың көрікті жерлерін аралап, бала қиялдары көкке самғады. «Балапан» телеарнасына сұхбаттар беріп, көңілдері өсіп, күш-қуат пен үлкен шабыт алды», - деді Г.Шуақбаева.

Бірінші «Күй жәрмеңкесінің» жеңімпазы Наргиз Қасымова, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақеділ Ұзақов бірнеше күй тартып берді. Сондай-ақ аталған университеттің студенттері Баймұхат Сағи мен Оңғар Дәулет күй айтысынан үлгі көрсетті.

Содан кейін жиналған қауым ішінен өз өнерін көрсетемін деген өнерпаздарға кезек берілді. Күй тартудан сайысқа оннан аса өнерпаз қатысты. Қоғам қайраткерлері, белгілі ұстаздар Айтжан Тоқтаған, Орынбай Дүйсен және Батыр Темірәлиевтер қазылық жасады. Бас жүлдеге ие болған Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледждің ІІІ курс студенті Әділхан Шаниярға үкілі домбыра табыс етілді. Өзге өнерлі жастар да түрлі сыйлықтармен марапатталды.

«Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев:

«Ел ағалары бірінші рет ұйымдастырғанда, «Күй өнері құдіретті ғой, балалар тәрбиесіне ықпалы зор. Тұрақты өткізіп тұруларыңызға тілектеспіз. Істеріңіз алға баса берсін» деп бата берген еді. Екінші «Күй жәрмеңкесін» өткізуге сонау батыс өңірінің Жаңақала ауданынан өнерлі балдырғандардың арнайы келуі себеп болды. Осы шараны көруге қаланың жүзден астам тұрғыны жиналғаны қуантты. Оның ішінде балдырғандар да, егде жастағы адамдар да болды. Риза болған жұртшылық осындай тағылымдық мәні зор мәдени шаралар еліміздің барлық өңірінде өткізіліп тұрса, ұлттық өнерді дәріптеудің шынайы үлгісі болар еді деген тілектерін жеткізді. Домбыра арқылы ұрпақ тәрбиелеу ісін қолға алуымыз керек. Сол арқылы төл тарихымызды әлемге танытамыз және жастардың бойына патриоттық сезімді ұялата аламыз. Біздің басты мақсатымыз – осы», - деді.

Тағы бір жақсы үрдіс орын алды. Дина ескерткіші алдында қала тұрғыны Нұрсұлтан Тұрлыбекұлы алты жасар ұлы Айсұлтанға домбыра сыйлап, «Осы жерде өнер көрсеткен ағаларыңның жолын берсін!» деп әкелік тілегін айтты.

Мәдени шараның жоғары деңгейде өтуіне ҚР Парламенті Сенатының бірнеше шақырылымының депутаты болған Рашит Ахметов пен Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қолдау жасады.


Соңғы жаңалықтар