Дін саласындағы өзекті мәселелер талқыланатын жаңа диалог алаңы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық дамуминистрлігі Дін істері комитеті дін саласында білім алып жүрген жастармен және жас мамандармен өзекті мәселелерді талқылауға арналған «YZ CLUB» диалог алаңын ашты.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыған дейін айтылып келген дін саласындағы маман тапшылығы мәселесі қазір шешімін тауып келеді деуге болады. Жыл сайын дінтану исламтану, теология мамандықтары бойынша 500-ге жуық маман дайындалады. Жас мамандармен тұрақты байланыс орнату мақсатында «YZ CLUB» диалог алаңын аштық. Бұл платформа жастармен дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, жаңашыл бастамаларды жүзеге асыруға өз ықпалын тигізеді деп ойлаймыз», -деді Е. Нүкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұдан басқа, комитет халықпен тұрақты кері байланыс орнату мақсатында «Халыққа қызмет – маңызды міндет» жобасын бастады.

«Бұл жобада комитет Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде тікелей эфирге шығып, атқарылған жұмыстар туралы баяндап, халықты толғандырып жүрген сұрақтарға жауап береді. Жалпы қазір еліміздегі діни ахуал тұрақты. Белгілі бір мәселелер туындап отырады, оны жұмыс барысында шешіп отырамыз. Ең бастысы – ақпараттық салаға көңіл бөлу керек. Ақпаратты алғанда да талғаммен, саналы түрде қараған дұрыс», - дейді комитет төрағасы.

Айта кетейік, биыл бірінші жартыжылдықта 84 мыңнан астам адам әлеуметтік желідегі радикалды топтардан шығарылды. Діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын 80 мыңнан астам материал жойылып, 300-ден астамы бұғатталған.


Соңғы жаңалықтар