Димаштың әнін бергеннен кейін Латвия радиосын бүкіл әлем тыңдай бастаған

None
None
РИГА. ҚазАқпарат – Биылғы 8 маусымнан бастап Латвия радиосынан Димаш Құдайбергеннің әндері беріле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Радио «PIK 100FM » – 22 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан Латвиядағы ірі радиостанциялардың бірі.

Радиотолқынында 8 маусымнан бастап Димаштың орындауындағы Игорь Крутой мен Михаил Гуцериев жазған «Любовь уставших лебедей» әні, ал 15 маусымнан Игорь Крутой мен Лара Фабиан арнайы жазған «Your Love» композициясы беріле бастады. Екі ән де күніне екі рет қойылады. Кейін радиостанцияның плейлистінде сақталып, әрдайым беріліп тұрмақ.

Латвия халқының қазақстандық әншінің өнеріне деген қызығушылық оның осы елде өткен жеке концертінен кейін туындаған. Бұдан кейін, жанкүйерлер Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен таныса бастаған. Тіпті, қазақ тілін үйренуді қолға алғандар бар.

Осындай қызығушылықты байқаған латвиялық «Dimash Latvia Dears» фан-клубы қазақстандық орындаушының шығармашылығын өз елдерінде одан әрі таныта түсу армандарын орындай бастады. «PIK100FM» радиосы директорының да әншінің жанкүйері екенін білген фанаттар Димаштың бір әнін радиоға қосуды ұсынған. Келісімге қол жеткізілген соң, алғашқы ән ретінде Игорь Крутой мен Михаил Гуцериев жазған «Любовь уставших лебедей» туындысы таңдап алынған.

«Ән эфирден өткен соң, латвиялық радиостанцияны бүкіл әлем тыңдай бастады. Димаштың өнерін бағалаушылар радиоға жылы лебіздерін жиі жолдайтын болды», - делінген сайттағы ақпаратта.

Енді, латвиялық тыңдарман Д.Құдайбергеннің қазақ тілінде орындаған әнін радио эфирінен тыңдауды тағатсыздана күтіп жүр.


Фанаттар Латвияның өзге де радиостанцияларымен серіктестік орнатуды жоспарлап отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды бастап та кеткен. «Dimash Latvia Dears» фан-клубы сүйікті әншілері үшін басқа да тосын сыйлар әзірлеп жатқан көрінеді.

Бұған дейін Димаштың әндері Испания радиосынан беріле бастағанын жазған болатынбыз.

Жалпы қазақстандық әншінің жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінде белсенділік танытып келеді. Жақында ғана оның 5 елдегі фанаттары «Дайдидау» әнін орындап, видео жариялады.

Оған дейін, Д. Құдайбергеннің 24 мамырдағы туған күніне орай, қытайлық фанаттар шөл далаға 3 мың ағаш отырғызды.

Ал Эстонияның Таллин қаласындағы тарихи саябақта оның құрметіне көшет отырғызылып, жанына естелік белгі қойылды.

Кейін әнші Instagram-парақшасында жанкүйерлерімен қауышып, олардың сұрақтарына жауап берді.

Жақында Димаштың қазақ тіліндегі тұңғыш альбомы жарыққа шығады.


Соңғы жаңалықтар