Димаш Құдайбергеннің фан-клубы Нью-Йоркте үш жылдығын атап өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әнші Димаш Құдайбергеннің фан-клубы Нью-Йоркте үш жылдығын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Манхэттеннің тура орталығында Қазақстанның туы желбіреп, Ұлы даланың әуендері шырқалды. Әлемге әйгілі әншінің америкалық жанкүйерлері өз кумирі мен оның Отанының құрметіне тосынсыйды тәтті дәм түрінде дайындапты. Атаулы күнге орай жапондық Норико Брунел хош иісті әрі түрлі-түсті кекстерді пісірген екен. Кексте қазақтың ою-өрнектері мен Димаш Құдайбергеннің бейнесі тұр. Нью-Йорктегі өмірінің 30 жылында жапондық басқа құрлықтың мәдениетіне дәл осылай тұңғыш рет ерекше әуестенгенін айтады. Осылайша, фан-клуб өкілдері жұлдызды отандасымызға ризашылықтары мен құрметтерін білдіруге барын салған.


«Бірде Facebook қолданушыларының бірі Димаштың орындауындағы S.O.S әнін өз парақшасында жариялады. Димаштың даусын тыңдаған сәттен-ақ мен таң-тамаша қалдым. Жұбайым француз болғандықтан, осы әнді соған тыңдатып көрсеттім. Әнді тыңдап отырып, Димашқа ғашық болып қалғандай сезімде болдым. Біз, Димаш Құдайбергеннің Халықаралық фан-клубының, DKIFC-тің және «Dimash USA» фан-клубының мүшесіміз. Димаш осында ұшып келгенде, біз оны барынша қолдауға, Нью-Йорк халқына оны көбірек танытуға қатты тырысамыз», - деді АҚШ-тағы фан-клуб мүшесі Норико Брунел.

Үш жыл бұрын АҚШ-та Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің клубын құрған америкалықтар Қазақстанға міндетті түрде келу туралы шешім қабылдапты. Көбі Нұр-Сұлтан мен Алматыда болып үлгерген. Олардың арасында Оңтүстік Африкада дүниеге келген Таня Янг та бар. Ол қазір біршама жылдан бері Нью-Йоркте тұрады.

«Сіздердің астаналарыңыз - Нұр-Сұлтан мен үшін ерекше және футуристік орынға айналды. Өзінің сәулетімен, тазалығымен, кеңдігімен ерекшеленеді екен. Мен Димаштың Қазақстанда осындай кондитерлік өнімдермен шай ішкенді ұнататынын жақсы білемін. Бұл - шай ішудің өзіндік мәдениеті. Сондықтан біз Димаштың шай ішу дәстүрін қолдай отырып, өзім әзірлеген тәтті-дәмдіні Нориконың дайындаған кексіне қосып қойдым. Димаштың әндерінің ішінде маған ең ұнайтыны - «Ұмытылмас күн», ал орысша әндерінен - «Любовь, похожая на сон». Әрине, мен «Дайдидауды» да сүйіп тыңдаймын», - деді Нью-Йорк тұрғыны Таня Янг.


Америкалық Челси Димонд 2018 жылдың наурызынан бері фан-клубтың мүшесі. Содан бері ол Димаштың әндерін орындап, қазақ тілін үйрене бастаған.

«2018 жылдың наурыз айында Youtube каналдан бір көріп қалдық та, сол сәттен бастап Димаштың жанкүйеріне айналдық. Ол мен үшін бейтаныс Қазақстанды ашты. Қазақстан жайлы бұрын ештеңе білмейтін едім. Енді мен осы елге ғашық болып қалдым! Махаббат бер маған, тағдыр, жүректі қозғаған. Жанымды жалынға орап, үзілмей маздаған. Махаббат бер маған, тағдыр, махаббат бер маған. Ешқашан, ешкімде, еш кез болмаған», - деп әндетіп кетті Челси Димонд сөзінің соңында.

Музыкалық әлемнің бүкіл қыр-сыры бір Димаштың бойынан айқын көрінеді деп есептейді гонконгтық Эми Цей. Ол Нью-Йоркте туып, жүрегін қазақ әншісі жаулап алатыны үш ұйықтаса түсіне кірмепті.


«Мен қатты әсерлендім. Оның өнерін бақылай отырып, белестерді бір-бірлеп қалай бағындырғанының куәсі болдым. Шынында да, ойлап қарасаңыз, аз уақыттың ішінде осыншама биікке көтерілген әншілер некен-саяқ. Әлбетте, Битлз тобы өз тұсында керемет болды. Бірақ, біздің Димаш өз қарқынынан таймаса жуық арада олардың деңгейіне де жетеді», - дейді Эми Цей.

Америкалық жанкүйерлердің тағы бірі бруклиндік Дэннис Димашқа ұқсайтын, тіпті оның жанына жақындай алатын әншілер әлемде кемде-кем екенін айтады.

Америкадағы фан-клуб мүшелері осылайша өз әсерімен бөлісіп, кумирлерін асыға күтіп жүр.


Соңғы жаңалықтар