Димаш Құдайберген Ригада концерт берді

None
None
РИГА. ҚазАқпарат – Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген өзінің кезекті таңғаларлық шоу концертін Латвия астанасы Ригада өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Thank you Latvia. Liels paldies. Рахмет, Латвия», - деп жазды Димаш Құдайберген Ригадағы концерттен кейін өзінің Instagram парақшасында ағылшын, латын және қазақ тілдерінде. Бұл – орындаушының еуротур аясындағы төртінші концерті. Бұған дейін Димаштың концерттері Краснодар, Қазан және Екатеринбургте өткен болатын. Әншінің Instagam-дағы постына бірнеше сағат ішінде мыңнан астам жанкүйерлері оның керемет орындаушылық шеберлігіне алғыстарын білдіріп, пікір қалдырған.


«Димаш, сіз тағы да концертіңізге келген мыңдаған адамға қуаныш сыйладыңыз. Мен сізді үлкен жетістігіңізбен құттықтаймын. Сіз таңғажайып, керемет, әсерлі жансыз ... Сізді сипаттайтын сын есімдер жеткіліксіз, сіз соншалықты кереметсіз, біз сізге не айту керектігін де білмейміз, бірақ біз сізге рахмет айтудан ешқашан шаршамаймыз, бізге берген әр сәтіңіз, барлық күш-жігеріңіз, күш-қуатыңыз, мейірімділігіңіз үшін рахмет... Әлемге өзіңіздің керемет дарыныңызды көрсеткеніңіз үшін рахмет, әндеріңіз арқылы бізге өзіңіздің қымбат мәдениетіңізді көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамыз...», - деп тілегін білдірді орындаушыға Испаниядан келген жанкүйері.

dimashnews.com мәліметінше, аңызға айналған «Рига аренасы» стадионына әлемнің 30-дан астам елінен жанкүйерлер жиналған. Олардың көпшілігі Instagam-нан тікелей эфирге шыққан. Соның арқасында көрермендер саны артқан. Бұдан бөлек, фанаттары Ригадағы концерттің видеосымен бөліскен.

Ертең, 9 наурызда, Димаш Құдайберген Мәскеуде, 11 наурызда Киевте, 19 наурыз Гамбургте, 21 наурыз Дюссельдорфта, 25 наурыз Прагада, 29 наурыз Штутгартта және 4 сәуір Минскте өнер көрсетеді. Бұған дейін хабарлағандай, Arnau tour аясында Димаш 11 концерт береді.



Соңғы жаңалықтар