Димаш Құдайберген NIS түлектерін соңғы қоңыраумен құттықтады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері үшін онлайн форматта соңғы қоңырау соғылды. Түлектерді қуанышты сәтпен белгілі әнші Димаш Құдайберген құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Қазақстан бойынша Дербес білім беру ұйымын екі мыңнан астам оқушы тәмәмдап отыр, оның 108-і солтүстікқазақстандық жас.

Онлайн форматта өткен соңғы қоңырау әдеттегідей мемлекеттік әнұранмен басталды. Екі жүргізуші мерекелік бағдарламаны ашып, қонақтарға сөз берді. Салтанатты шараға компьютер, ұялы телефон арқылы мұғалімдер, түлектер, ата-аналар – барлығы 300-ден астам адам қосылды.

«Бүгінгі күн мен үшін ерекше. Адамның өмірінде бір-ақ рет болатын соңғы қоңырау мерекесі. Тек пандемияның кесірінен оны үйде өткізуге мәжбүр болдық. Өкінішті әрине. Бірақ біз қиындықты еңсеріп, алға қарай ұмтыла білуіміз қажет. Сондықтан бұл жағдайды сынақ деп білемін. Біздің алдымызда тағы бір сынақ тұр. Ол өзіміз таңдаған жоғары оқу орнына түсу. Болашағымды инженерлік саламен байланыстырғым келеді. Құжаттарымды Түркия, Венгрия, Ресей сынды мемлекеттердің жоғары оқу орындарына тапсырдым», - дейді Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Ақжан Жолдыбаев.

Салтанатты шара Microsoft Teams платформасында өтті. Қуаныш иелерін белгілі әнші Димаш Құдайберген де құттықтады.

«Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары, жарқын өмірге, болашаққа, кемел қадам басқалы жатқан мектеп бітіруші түлектер! Сіздерге мол бақыт, қажымас қайрат тілеймін. Еліміздің ертеңі үшін талмай еңбек етіп, биік белестерден көрінетіндеріңізге сенемін. Барлық арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер», - деді танымал әнші арнайы жолдаған видеоқұттықтауда.

Мектеп директоры 4-ші тоқсанның оңай болмағанын, дегенмен ұжым жаңа тәжірибе алғанын атап өтті.

«4-ші тоқсанды қашықтан оқып шықтық. Бүгінгі мерекелік шара да онлайн форматта өтті. Соңғы қоңырау – эмоцияға, қимастыққа, қуаныштың көз жасы мен шат күлкіге толы мереке. Бүгін әдеттегідей сән-салтанатымен өтпесе де, бұл күн баршамыздың жадымызда сақталары анық. Болашақта мұндай қиындықтар болмаса екен деп тілеймін», - деді білім ордасының директоры Нұрғали Елшібеков.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі 15 маусымда өтеді деп жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар