Димаш Құдайберген мен Аружан Саин БҰҰ өкілімен кездесті
Әңгімелесу барысында бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланды.
«Димаш Құдайберген БҰҰ қызметін белсенді қолдаушы және #ООН75 (#UN75) жаһандық диалогына атсалысуға дайын. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы 75 жылдық мерейтойын атап өтеді. Алайда, ол коронавирус пандемиясына байланысты оқшаулану кезеңіне тұспа-тұс келіп тұр», - делінген сайтта.
«ООН75» («UN75») кампаниясы биыл қаңтар айында басталған. Мақсаты - әлемді жақсарта түсу, адамзаттың біртұтас отбасының басымдықтарын талқылау, сонымен бірге бірлескен жарқын болашақты қалыптастыруда үздік шешімдерді дискуссия жолымен анықтау.
«БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі арнайы топ жақсы әлемді құру тарихында ең ірі және ауқымды саналатын жалпыхалықтық пікірталас өткізуге бастама жасады. БҰҰ адамдардың онлайн қарым-қатынаста болуына әрдайым көп көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда да, COVID-19 кезеңінде осы бағытта күш салып, еңбек етіп келеді», - делінген ақпаратта.