Дихан Қамзабекұлы: Президенттің «Семей тезистері»

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халқымыз «Сабақты ине сәтімен» дейді. «Бір ғана Абай тұлғасы, құбылысы, биыл өтіп жатқан мерейтойы қаншама жақсы іске ұйытқы болып, баянды бастамалардың бағын ашты. Шынында осындайда Елбасы дәйектеген «Абай – қазақтың бойтұмары» деген тұжырым еске түседі.

Дана ақынның 175 жылдық мерейтойына мұрындық болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс» деп, елдік мәселені, тіпті «Рухани жаңғырумен» сабақтасқан міндеттерді жаңа қырынан қойды. Осындай қадау-қадау ой, мемлекетшілдік пайымның сүбелі сөзі таяуда Мемлекет басшысының Семей сапарында, дәлірек айтсақ, ақын туған өңірде абайтанушылармен кездесуінде айтылды. Біз Президенттің «Семей тезистерінен» үш тұжырымды бөліп алып, екпін түсіре танымалдандыруды жөн санаймыз. Бірінші тезис – қазақ топырағында Абай дананың ақыл, жүрек, қайрат қайнауынан шыққан «толық адам - цельная натура - а person of integrity» тұжырымын әлемге таныта отырып, елдік даму траекториямызды осыған сай құру. Екінші тезис – туған тіліміз бен әдебиетіміздің қадірін балаларға мектеп жасынан сіңірту. Алматыдағы Абай атындағы тіл-әдебиетті тереңдете оқытатын мектепке айрықша көңіл бөліп, келешекте «Абай мектебі» желісін қалыптастыру. Үшінші тезис – Қазақстанның шетел елшіліктері жанында ашылып жатқан Абай орталықтарын болашақта әлемдік «Абай институты» желісіне айналдыру. Дүние тарихында ұлт пен тұлға тұтасқан фактілер аз емес. Абай – сондай құбылыс. Оның даналығы – қазақтың мың жылдық даналығының жемісі. Тіпті ақынның ойшылдығы – әлем ойшылдығының әрі жалғасы, әрі сапалы бір үзігі. Бүгінде бәзбіреу «ақылының азабын тартып» («горе от ума»), Абайға өзі шыққан жартыкеш төбешіктен қарап жүр. Ең сорақысы, шала, дүмбілез пікірлер әлеуметтік желіде, кейде саржағал БАҚ бетінде жарияланып та қалады. Бірақ бұдан сонша түңілудің қажеті жоқ. Білім саласының міндеті – тікелей де, бейнелі түрде де «Абай мәтінін» түсінетін ұрпақ қалыптастыру. Кемелдік те, адамшылық та, тазалық та, жауапкершілік те соның ішінде яки мазмұнында. Мемлекет басшысы «мектеп жасынан балаларға ана тілі мен төл әдебиетті сіңіртуді» жайдан-жай айтпаса керек. Бұл – жалпы қоғамның ғана проблемасы емес, нақты саланың мәселесі. Кешегі «Әліппе» дауы, «ағылшын тілін қай сыныптан оқытамыз?» деген дискуссиядан гөрі директиваға айналып бара жатқан дүдәмал сұрақтың астары осында. Ұлт зиялылары А.Байтұрсынұлы ұстанымын сан мәрте айтып, дәйектеді. Тіпті БАҚ шаршады-ау деп, әлеуметтік желі банеріне жазып қойды. Жоқ, бір мүдделі топ заулатып барады... Германияның, Жапонияның тәжірибесі алға тартылды. Оны да аттап-пұттап, ағылшын тілін балабақшадан оқытатын бастауыш білім-тәрбие ошақтары пайда болды... Алты-жеті, тіпті төрт-бес жастағы этникалық қазақ баласының миына ата-бабасы ешқашан армандамаған эксперименттер жасалды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, Тәуелсіздік тұрғысынан қарасаңыз, бұл – алдағы мың сан қиындықтарды балалататын қатер еді...

Міне, Мемлекет басшысы осы мәселені тереңінен түсініп, бағытына, тіліне қарамай мектепке Абай тілінің, Абай сөзінің, Абай дүниетанымының, Абай ақылының баруына мүдделі болып отыр. Аға буынның есінде болуы керек, Екінші дүниежүзілік соғыс қызып жатқанда майданнан аз мерзімге елге оралған әйгілі батыр Бауыржан Момышұлы Қазақстан компартиясы хатшысы М.Әбдіхалықовқа хат жазады. Мазмұны: «Қала зиялыларының үйінде болдым, балалары ана тілінде сөйлей алмайды. Бұл – зор қауіп. Сондықтан бағытына қарамай барлық мамандықта қосымша қазақ тілі мен әдебиетін оқыту керек» дегенге саяды... Біз Президенттің «Семей тезисі» мен осы оқиға арасына параллель жүргізгенді теріс көрмейміз. Әр заманның өз майданы, өз сын-қатері бар...

Ал келешек «Абай мектебі» желісіне келсек, бұл – Қазақстан жаратылыстану ғылымына таза бұлақ болып қосылған Алматыдағы республикалық физика-математика мектебі (РФМШ) үлгісіндегі лицейлердің әр облыс орталығы мен ірі қалаларда болуы деген сөз. Әрине, мұны оп-оңай шаруа деуге болмайды. Президент «сапаланса!» деп тілеп отырған бұрынғы астанадағы Абай атындағы № 2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп әлі халық алқалайтын деңгейге жеткен жоқ. «Неге?» деген сұрақтың алуан жауабы, қилы сылтауы бар... Бұл - ең бірінші тіл-әдебиет саласы мамандарына, көшбасшыларына сын. Мұның ішінде өзіміз де бармыз. Алаш қаласы – Семейде бұл мәселеге Мемлекет басшысы арнайы тоқталды. Сондықтан тіл мен әдебиетке жанкүйер БАҚ-тарда осы проблеманы шешу жолын кеңінен талқылап, ортақ бір тоқтамға келуге болады деп ойлаймын. Біз осы жерде орта білімнің де автономдығы, әлемдік тәжірибедегі авторлық бағдарламалар туралы пікір ұшқынын қаперлеріңізге сала кетеміз.

... Коронавирус пандемиясының алдында Президент Әкімшілігінен бір жас маманы хабарласып, оқулық жөнінде кеңес алғысы келетінін айтты. Әңгімелестік. Пікір алмастық. Сөзі, талабы, бағыты, ең бастысы арманы дұрыс. Санамда екі ой жаңғырды. Біріншісі – «Ұлт оқулығы Президент әкімшілігінің өзін толғандырып отыр екен-ау!..» деген ілтипат. Екіншісі – «Тәуекел деп оқулық жазуды қолға алған соң, неге оның үдесінен шыға алмаған?..» деген намыс. Мықты автор іздеуге қаржысы кем сала мен «аз қаламақыға аз шығармашылығын жұмсаған» әріптес пиғылына қам жеген намыс. Алайда екеуінде де жақсылықтан үміттену бар. Жалпы бүгінгі тіл-әдебиеттің оқулығынан бастап іргелі зерттеуіне дейінгі ізденісті - «Рухани жаңғырудың» жемісі, сабақтастықтың өзегі деп білемін. Біз - Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен ашылған «Абай академиясы» сынды жаңашыл, жасампаз жобасы бар Еуразия университетінің өкіліміз. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай институты» желісі туралы ойы – елдің тәуелсіздік мұраты мен мүддесіне сай бастама деп қабылдаймыз. Әлемнің бірсыпыра елінде ашылған «Абай орталығы» - көрнекілік, жарнамалық алаң. Ал «Абай институты» - Қазақстанды танытудың мәдени, ғылыми, біліми жолы. Әріге бармай, осы елордадағы «Конфуций институты» мен «Гете институты» бағдарын, жұмыс аясын қараңыз. Тіл үйретеді, елді таныстырады, мәдени шараларды атқарады. Өз елдерінің достарын, әріптестерін қалыптастырады. Жыл сайын Қытай мен Германияны танымалдандыратын байқаулар өткізеді. Халықаралық беделі жоғары Мемлекет басшысы Абай елінің қасиеті мен парасатын «Абай институты» арқылы жаңа өреде таныту жобасын осылай мәлім етті. Бұл да білім-ғылым саласының көңілінен шықты. Тұтастай алғанда, Абай құбылысы елімізді жаңа да жасампаз биіктерге бастай бермек.


Авторы: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы


Соңғы жаңалықтар