Депутаттық корпус Президент бастамаларын заң жағынан қамтамасыз етті - Мәжіліс Төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин биыл қабылданған маңызды заңдар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, депутаттық корпус Мемлекет басшысы алға тартқан саяси реформаны заң жағынан қамтамасыз етті. Бұл бағытта еліміздің «Сайлау туралы» Конституциялық заң жобасына елеулі түзетулер енгізілді. Онда Президенттің ұсынысы бойынша саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді», - деді Н. Нығматулин.

Сонымен қатар ол сайлауда берілетін бюллетеньдерге «барлығына қарсымын» деген жаңа баған енгізілгенін еске салды. Тағы бір ерекшелік – ауылдың және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды қатамасыз ететін нормалар қосылды. Бұл нормалар мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты күшейтуге, әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін нығайтуға және ауыл азаматтарының саяси белсенділігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.

«Осы сессияда біз қабылдаған және бүкіл елдің назарында болған тағы бір заң жобасы – ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат. Осыған байланысты тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен заң дейгейінде нақты шешім қабылданды. Енді, жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынды. Осы саланың басқа сұрақтарын шешу үшін Парламент жер қатынастары туралы заң қабылдады. Заңға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын сақтай отырып, жерді жекеменшікке беруді 5 жылға тоқтату туралы норма енгізілді», - деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда жетінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды. Осы орайда Парламент депутаттары каникулға кетті.

Еске сала кетейік, биыл 13 мамырда Мемлекет басшысы жерді шетелдіктерге жеке меншікке және жалға беруге тыйым салатын заңға қол қойды.

Сонымен қатар, 24 маусымда Парламент жерге қатысты мораторийді 5 жылға ұзарту мен жайылым бойынша заңды қабылдады.

Өткен сессия барысында Парламент палаталарының үш бірлескен отырысы, Мәжілістің 23, ал Сенаттың 21 жалпы отырысы өткізілді.

Сессия басталған кезде қос палатаның қарауында 104 заң жобасы болды. Бүгінде оның 63-і қабылданды, сондай-ақ 58-іне Президент қол қойып, күшіне енді.


Соңғы жаңалықтар