Депутаттар су тасқынына қарсы іс-шаралардың кемшіліктерін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков ел аумағында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізудегі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Халық партиясы» еліміздегі су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу жөніндегі мәселелерді бұрын да бірнеше рет көтерген болатын. Жыл сайын болатын су тасқыны қаншама азаматтарымыздың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіруде. Тасқынмен күреске бөлінетін қаржы көлемі де жылдан жылға өсу үстінде. Егер «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына 42 млрд теңге бөлінсе, 2020-2023 жылдарға арналған осыған ұқсас Жол картасына бөлінген қаржы 160 млрд теңгеге жетті. Осыдан келіп сұрақ туындайды – нәтиже қайда?», - деді Ж. Ахметбеков Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшының орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, әдетте, Төтенше жағдайлар министрлігі алдымен жағдайдың тұрақты екенін және су тасқынына дайын екенімізді мәлімдейді, ал көктемде еліміздің жүздеген елді мекендері су астында қалады. Тасқын су тұрғын үйлерге, аулалар мен көшелерге құйылады, автомобиль жолдарын су басып, инфрақұрылымдар бұзылады, тұрғындар қауіпті ауданнан шұғыл көшіріледі.

«Міне, жағдай жыл сайын осылай қайталана береді. Соңғы бес жылдың өзінде Қазақстанда 272 елді мекенді су басты, бұл 6,5 мыңнан астам үй суға кетті деген сөз. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары жыл сайын су тасқынынан зардап шегіп отыр. Ал кеше еліміздің астанасы – елорда мен оның маңы тасқын судан зардап шекті, Нұр-сұлтан қаласындағы «Есіл» Тұрғын үй кешенінің жертөле – көлікжайы суға толды. Төтенше жағдайлар министрлігі елорда іргесіндегі Қоянды кентін су тасқынынан құтқару үшін шұғыл аттануға мәжбүр болды. Біздің партияның өкілдері тасқын судың астында қалған Қараөткел (Ильинка) ауылына барып, ондағы су тасқынының зардаптарын өз көзімізбен көрдік. Жергілікті тұрғындар дәрменсіз күйде, еңбекпен тапқан дүние-мүлкінен айрыламыз ба деп қатты алаңдауда. Елді мекендерді, мал-мүлікті су басып, бүкіл елді су тасқыны жайлаған кезде сусорғымен арпалысқанша, осы апаттың алдын алып, су тасқынын болдырмаудың амалын қарастырған жөн емес пе!», - деді депутат.

Осы орайда «Қазақстан Халық партиясының» фракциясы тиісті сұрақтарға жауап беруді сұрады.

«Осындай жағдайда бағдарлама әкімшілерінің бағдарламалық құжаттарды нақты орындауы және олардың бөлінген бюджет қаражатын игеруі үшін Үкімет қандай шаралар қабылдамақ?. 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасын орындауға жауапты, бірақ оны орындамаған тұлғалар қандай нақты жауапқа тартылды? Осыған дейінгі атқарылған іс-шаралар жеткіліксіз болса, бұдан былай тұрғын үйлерді, көшелерді су басуға жол бермеу және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау үшін, су тасқынына қарсы қауіпсіздікті күшейтуге қандай қосымша шаралар қабылданатын болады?», - деді Ж. Ахметбеков.


Соңғы жаңалықтар