Депутаттар сауалына Үкімет сырғытпа жауаптар береді – Ерлан Қошанов

Фото: Фото: parlam.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Депутаттар сауалына Үкімет стандартты, сырғытпа жауаптар береді. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Депутаттық корпустың өздерінің сауалдарына берілетін жауаптардың сапасына да көңілі толмай жатады. Сауалдарда біз, ең алдымен, сайлаушыларымыздың тілегі мен аманатын көтеретінімізді түсіну керек. Оған Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардан стандартты, сырғытпа жауаптар келеді. Сондықтан, мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарға ауызша жауап беруін практикаға енгіздік», - деді Е. Қошанов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта депутаттар корпусы мен Үкімет мүшелері заң сапасын арттыруда жүйелі жұмысты жолға қоюға бірлесіп атсалысуы керек.

«Екінші сессияны қорытындылай келе, қос палатаның басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайту жөніндегі жұмысының ауқымдылығын атап өткен жөн. Сессия барысында Парламент депутаттары 13 халықаралық парламенттік ұйым аясында белсенді жұмыс істеді, 360 халықаралық іс-шараға қатысты және шетелдің 24 парламентімен ынтымақтастықты жүзеге асырды», - деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Е. Қошанов екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі айтарлықтай мазмұнды болғанын айтты.

«Мәселен, Парламент палаталарының 4-ші бірлескен отырысы өтті. Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Сенаттың 42 жалпы отырысы өтіп, онда 148 мәселе қаралды. Осы сессия кезінде қос палатаның жұмысында 127 заң жобасы болды, оның 78-і қабылданды», - деді Мәжіліс төрағасы.


Соңғы жаңалықтар