Депутаттар сапасыз лифт қызметі үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты Шакир Хахазов сапасыз лифт қызметі үшін жеке компаниялардың жауапкершілігін күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 «Барша еліміздегі үй лифттерінің қызмет көрсетуі саласында орын алған қайғылы оқиғаларға назар аударғымыз келеді. Астанада соңғы 5 айда лифтінің құлауы бойынша 3 оқиға тіркелді. Адамдар әупірімдеп аман қалды, бірақ физикалық және моральдік зақым алды. Соңғы жылда елордада лифт қолданысындағы ақауларға қатысты 30-дан астам оқиға тіркелген. Еліміздің өзге қалаларында да лифт мәселесі өзекті күйінде қалып отыр», - деп атап өткен Шакир Хахазов палатаның пленарлы отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, соңғы бір айда Павлодарда 25-тен астам апат қаупі туындаған, Оралда алты жылда 7 лифт қана ауыстырылған, Алматыда лифт механизмдерінің 70% ауыстыруды қажет етеді.

 «Шымкентте де жағдай мәз емес - лифттердің 80% жуығының пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткен және қайғылы оқиға болмайынша жұмысын жалғастыра бермек. Статистикаға сәйкес, республиканың тұрғын үй саласында шамамен 6 000 лифттің қолдану мерзімі өтіп кеткен және шұғыл ауыстыруды қажет етеді. Сонымен қатар, үй тұрғындары ай сайын лифттің сапалы техникалық қызмет көрсетуіне міндетті лифт компанияларына ақы төлеп отыр. Қызмет көрсететін компаниялардың өз міндеттерін атқарудағы салғырттығы қайғылы оқиғалар мен апатты жағдайлардың өсуіне әкеп соғады», - деді Шакир Хахазов.

Халық қалаулысы лифт жабдықтарының пайдалануға берілуімен, монтажымен және оның жағдайына сараптама жасаумен жеке компаниялардың ғана айналысатынын айтты. Лицензиялаудың жоқтығынан нарықта олардың саны артып келеді.

 «Олардың арасында қажетті материалдық-техникалық базасы жоқ, тәжірибесі мен білікті мамандары жоқ бір күндік компаниялар да аз емес. Көп жағдайда олар өз қызметтерінің арзан бағасымен пәтер иелерінің кооперативін сатып алады.Олар халықтың қауіпсіздігімен тікелей байланысты жұмыстарды атқарады және мұндай компаниялардың қызметі азаматтардың күмәнін тудырады. Қазіргі уақытта Астана мен өзге қалаларда лифт компанияларының қызметіне бақылау жүргізетін құрылым жоқ. Барлық республика бойынша лифт қолданысы мен қауіпсіздігі жағдайына толық көлемді мұқият тексеру жүргізу қажет», - деп баса айтты Шакир Хахазов.

Соңғы жаңалықтар