Депутаттар бала күтімі мен көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны көтеруді ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Смайлов жәрдемақы мен зейнетақы көлемін арттыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азық-түлік өнімі, коммуналдық қызмет тарифі бағасының тұрақты өсуі мен жалпы өмір сүру құнының қымбаттауы жағдайында мүгедектігі бар адамдарға, бала тууына байланысты демалыста отырған аналарға, көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге және халықтың басқа да тобынан шыққан миллиондаған қазақстандықтарға мемлекеттік жәрдемақы мен зейнетақы көлемінің артуы аса маңызды мәселе.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімі бойынша 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы қазіргі 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге немесе 41%-ға өседі. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдардың, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйінде отырған аналардың, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын, сонымен қатар ең төменгі зейнетақыны ұлғайту мәселесін қарастырып жатқан жоқ», - деді Е. Смайлов Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында министрлік әлеуметтік жәрдемақының барлық түрін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 5%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ бұл көлем инфляцияның статистикалық өсімі түгілі, азық-түлік пен киімнің, түрлі қызметтер мен тариф бағасының шығынын жаппайды.

«Жәрдемақы мен зейнетақының мөлшері ел азаматтарының нақты қажеттілігіне сай келмейтінін және олардың сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайтынын айғақтайды. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін ұстанымда болуы алаңдатады. Халықты қорғап, Үкімет пен Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері алдында мәселе қоюдың орнына, министрлік бюджет қаражатының тапшылығына сілтеме жасайды. Салалық министрлік халықты қорғау жолындағы өз миссиясының идеологиясы мен түсінігін әлдеқашан жоғалтқан республикалық ұйымға айналды», - деді депутат.

Оның пайымынша, мемлекеттік органның міндетіне атүсті қарауы еңбек саласына да әсерін тигізді.

«Әрине, мемлекеттік бюджет шексіз емес, алайда ұтымды жоспарлау мен пайдалану арқылы оның мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтуге болады. Бұл туралы жыл сайын Есеп комитеті жүздеген миллиард қаражат тиімсіз жоспарланатыны және пайдаланылатыны туралы қорытынды береді. Бұған ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау кезінде миллиардтаған, тіпті триллиондаған қаржының жымқырылуы дәлел», - деді ол.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Қазақстан Халық партиясы» депутаттық фракциясы ҚР Үкіметіне 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бар адамдардың, бала күтімі бойынша үйде отырған әйелдердің, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы көлемін арттыруды ұсынды.


Соңғы жаңалықтар