Депутаттар автокөліктердің міндетті техникалық байқауын алып тастауды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Автокөлікті техникалық байқаудан өткізу рәсімі формальды түрде атқарылып, сыбайлас жемқорлыққа айналып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі қоғамда мемлекет қабылданған шешімдер мен жасалған іс-әрекет үшін жеке жауапкершілік саясатын белсенді жүргізіп жатыр. Азаматтардың, бизнестің және мемлекет қызметінің түрлі бағыттары бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру институты қалыптасуда.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы Үкіметтің назарын азаматтардың жеке мүлкінің қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігін бақылаудың қолданыстағы тетігіне аударады. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың жеке мақсаттары үшін пайдаланылатын көлік құралын міндетті техникалық байқаудан өткізуді талап ету туралы мәселе көтеріліп отыр. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстанда жыл сайынғы техникалық байқаудан өтуге міндетті 2,7 млн көлік құралы (жалпы көлік санының 72%) бар. Автокөлік иелерінің басым бөлігі заңға бағынатын азаматтар. Олар 2-5 мың теңге аралығында тиісті төлемді төлейді және техникалық байқаудан өткені туралы акт алады», - деп тоқталды А. Қоңыров.

Оның айтуынша, осы саланың бәсекелі ортаға берілгеніне және техникалық байқау өткізетін жеке станциялар желісінің құрылғанына қарамастан, техникалық байқаудан өту рәсімі формальды түрде атқарылып, сыбайлас жемқорлыққа айналып отыр.

«2021 жылы Көлік комитетінің қызметкерлері құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) жолы кесілді. 2017-2021 жылдар аралығында ҰҚТ нақты техникалық байқаусыз 260 мыңнан астам диагностикалық карта жасаған. Бұл істі ел бойынша жалған тұлғаларға тек «қағаз жүзінде» рәсімделген 28 компания жүзеге асырған. Тіркелген мекенжайларда техникалық байқау орталықтары, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қажетті техникалық жабдық, техникалық байқау өткізетін жер және маман болмаған.

«Техникалық байқау формальды шараға айналып, сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызған және көлік құралы иесі мен жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етпеген. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы еліміздегі автобустардан, жүк көліктерінен және такси ретінде коммерциялық мақсатта пайдаланылатын көлік құралдарынан басқа автокөліктердің міндетті техникалық байқауын және көлік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуды алып тастау орынды деп санайды», - деді А. Қоңыров.


Соңғы жаңалықтар