Депутаттар: Алаяқтық артуына байланысты онлайн несие тәртібін өзгерту керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттары онлайн несие берудегі алаяқтық әрекеттердің көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты бір топ депутат ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы жылдары елімізде халыққа шағын несие берумен байланысты алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті, алаяқтар азаматтарға олардың қатысуынсыз онлайн несиелер рәсімдеуде. Бұл мәселе бойынша депутаттарға алаяқтардың ісіне тап болған азаматтар жиі шағым түсіруде. Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдейді. Ал, ең сорақысы зардап шеккендер оларға рәсімделген несие туралы белгілі бір уақыттан кейін ғана, яғни коллекторлық агенттіктер мазалай бастаған кезде біледі», - деді депутат Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында.

Ішкі істер органдарының ресми ақпараты бойынша, 2019 жылы интернет алаяқтықпен байланысты 7 732 қылмыс тіркелсе, ал 2020 жылы мұндай фактілердің саны екі есеге артып 14 110 қылмысқа жеткен.

2020 жылы микрокредиттік ұйымдардың интернет-сайттар арқылы онлайн несиелер рәсімдеуі бойынша 3 мың құқықбұзушылық жасалған. Сондай-ақ, интернет арқылы кез келген азаматтың жеке кабинетіне қосылып, олардың пластикалық карталарындағы шоттарынан ақша ұрлау бойынша 2,2 мыңнан астам алаяқтық қылмыс тіркелген.

«Бұл мәселенің күрделі екеніне дәлел ретінде кеше ғана Солтүстік Қазақстан облысында ер адам алаяқтық жолмен өзге азаматтарға 50 несие рәсімдеген. Ол алаяқтығын іске асыру үшін өзге азаматтардың жоғалған жеке куәліктерін пайдаланған. Жоғарыдағы көрсетілген нақты мысал микроқаржылық ұйымдардың онлайн қарыз берудегі жеке тұлғаны сәйкестендіру рәсімдерін реттеу жүйелерінің толық пысықталмағанын көрсетіп тұр. Осыған байланысты жапа шеккен азаматтар өзінің кінәсіз екенін мойындатып, заңсыз несиені өшіру үшін 9 айға дейін соттасуға мәжбүр. Бұл өз кезегінде жәбірленушінің несиелік тарихына зиян келтіріп, қолма қол ақшасыз төлем жасауына кедергі тигізеді», - деді депутат.

Депутат агенттікке клиенттің сәйкестендіруін анықтауды күшейту бөлігінде микрокредиттік ұйымдардың онлайн несиелер беру рәсімдерін қысқа мерзімде қайта қарауды ұсынды.

«Біріншіден, клиенттің биометриялық ерекшеліктерін сәйкестендіру процедураларын күшейтуді қарастыру қажет. Нақты уақыт режимінде кескінді тексеру және растау, яғни алаяқтардың бұрын дайындалған бейне немесе фото материалдарды қолдануы мүмкіндігіне жол бермеу. Екіншіден, ақпараттық-бағдарламалық жүйелерді пайдалану арқылы онлайн-кредиттерді рәсімдеу кезінде екі сатылы аутентификацияны енгізуді көздеу керек», - деді Е. Бейсембаев.


Соңғы жаңалықтар