Депутат Бауыржан Момышұлы тұрған үйдегі мемориалды тақтаны жаңартуды ұсынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты, «Nur Оtan» партиясы фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай Алматыдағы Бауыржан Момышұлы тұрған үйдің қабырғасында ілініп тұрған мемориалды тақтаны ауыстыруды ұсынды.

«Биыл ел-жұртымыз тоқсан жылдығын атап өтіп жатқан ақын Мұқағали тірі кезінде-ақ есімі батырлықтың рәмізіне айналған Бауыржан Момышұлына:

- Қандай сый тартсам екен, аға, саған?

Алтын да, алмас та емес жалтылдаған,

Бiр сый бар, аға, саған тартылмаған!

Ұрпақтар аңыз етiп айта жүрер,

Сыйдан да он есе артық даңқын маған, - деп жазғанын аға, орта буын жақсы біледі. Ал Екінші дүниежүзі соғысы қаһарманының даңқы құрметіне Алматының Гоголь көшесіндегі өзі тұрған үйі қабырғасына орнатылған мемориалдық тақта сай келе ме? Әрине, заманында лайықты болғанын ешкім жоққа шығармайды. Қазір ше?» деп ойын жеткізеді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, с ол үйдің тура қарсы бетіндегі парктегі ескерткіштер кешенін жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында жөндеп, әрлеп жатады.

Ал Баукең дүниеден өткен соң (1982) орнатылған тас та, бейне де, ондағы кеңестік сөздер де Тәуелсіздік талабына жауап бере алмайды.

«Тіпті жеке әріптері өше бастағаны байқалады. Әлемді фашизм өртінен қасқайып қорғаған, сын сағатта өшпес ерлік көрсеткен, бейбіт кезеңде де ұлтымыздың болмысын, рухын танытқан, мінезі мен намысы кітаптары мен жазбаларына айна-қатесіз түскен Бауыржан Момышұлы туралы ата-анасынан тек асқақ бағалау мен шынайы намыс сөзін естіген жастарға мына тақта қандай өнеге бермек? Оны реттеу үшін қоғамға, жауапты азаматтарға, баршамызға не жетпейді? Біздіңше, қаржыдан бұрын ұрпағына қазақ батыры аманат еткен намыс жетпей жатқан сияқты» деп түйіндейді сөзін Дархан Мыңбай.


Соңғы жаңалықтар