Денсаулық сақтау министрлігі мен кәсіподақ ортақ келісімге қол қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың төрағалығымен Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы ортақ келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік әріптестік шеңберінде қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін, кепілдіктері мен жеңілдіктерін қорғау мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған салалық келісім жасалды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеретін боламыз. Қазіргі күнде дәрігерлер мен мейірбикелердің жалақысын көтеру механизмі өзгеріп келе жатыр. Бұрынғыдай мемлекеттік қаулымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен тікелей әрбір дәрігердің жалақысын бекіту немесе көтеру жоқ. Қазіргі күнде МӘМС бойынша бүкіл медициналық клиникалардың 60%-ы - жеке меншік клиникалар. Оларға тікелей тапсырма беруге мүмкіндігіміз жоқ. Әрбір мелициналық қызметтің тарифін арттырып, келісімшартқа енгізгеннен кейін ары қарай тек кәсіподақтар емес, мемлекеттік емес ұйымдар бақылауға алуы керек», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Денсаулық сақтау ұйымдары бекітілген келісім аясында қосымша үстеме ақы қосып төлей алады. Келісім жұмыс берушілердің ұжымдық және еңбек шарттарымен айқындалған қызметкерлерге еңбекақы төлеу, жұмыс режимі, демалыс және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары бөлігінде қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер беру құқығын шектемейді.

«Кәсіподақ ретінде медицина қызметкерлерінің еңбекақысы бойынша еліміз ЭЫДҰ мемлекеттерімен салыстырғанда айтарлықтай артта қалғанын мойындаймыз, бірақ аталған мәселені шешуде оң серпін бар. Бұл болашаққа деген сенім мен оптимизмді білдіреді», - деді Қазақстандық салалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Тәжібай Бақытжан.

Келісім шеңберіндегі ережелер тараптар үшін міндетті болады, денсаулық сақтау ұйымдары ұжымдық шарттарды осы құжат негізінде жасауы тиіс.


Соңғы жаңалықтар