Денсаулық сақтау министрі COVID-19-бен күреске атсалысқан волонтерлерді марапаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы күреске үлес қосқан волонтерлерге алғыс хат табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі .

Волонтерлер жылының жабылуына арналған онлайн марапаттау рәсіміне COVID-19 пандемиясы кезінде дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге көмектескен еріктілер қозғалысының өкілдері, кәсіпкерлер мен медициналық студенттер қатысты.

«Сіздер өте қиын кезде жанашырлық пен қамқорлық танытып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын создыңыздар. Мен әрбіріңізді мақтан тұтамын, игі іс атқарып, жақсы бастама көтерген әр қазақстандықпен мақтанамыз. Сіздер арнайы уақыт бөліп, дәрі-дәрмек пен тамақ тараттыңыздар, ауруханаға көмектесіп, науқастарға үміт сыйладыңыздар», - деді министр.

Денсаулық сақтау министрі COVID-19 қарсы күреске қатысып, дәрігерлерге көмектесіп, түскі ас ұйымдастырған, мұқтаж адамдарға азық-түлікпен қамтамасыз еткендердің барлығына алғысын білдірді. Министрдің пікірінше, бұл шынайы патриотизмнің үлгісі.

«Бүгін біз Қазақстандағы волонтерлер қозғалысының аз ғана бөлігіне алғыс хат табыстаймыз. Егер мүмкіндік болса, мен әр еріктінің қолын алып, алғыс айтар едім. Әрқайсыңызға рақмет», - деді ведомство басшысы.

Қоғам қайраткері, «DA-VINCI» түзету орталығының жетекшісі және волонтер Меруерт Байзирова министрге қолдауы үшін алғысын білдірді. Карантин кезінде ол жетекшілік еткен еріктілер тобы елордалық инфециялық аурухананың медициналық қызметкерлеріне тегін тамақ ұйымдастырды, қымбат дәрі-дәрмек сатып алды, дәрі-дәрмек пен ЖҚҚ тасымалдауды ұйымдастырды, медицина қызметкерлері транспортпен қамтамасыз етті.

«250 адам бірігіп, отбасыларға көмектесу үшін қаражат жинай бастады. Біздің топ ай сайын 300 мың теңгеден жинап, айына бір науқас балаға көмектесті. Сондай-ақ, біз коронавирустан зардап шеккен дәрігерлерді назардан тыс қалдырмадық», - деді Меруерт Байзирова.

Волонтерлер жылына орай және пандемияға қарсы күреске қосқан үлесі үшін 100 астам еріктіге Денсаулық сақтау министрінің алғыс хаты табысталды.

Олардың ішінде - Medsupportkz негізін қалаушы Ақмарал Тұрсынова, ол ақпараттық қолдау ұйымдастырды, Қазақстан, Еуропа елдері, АҚШ және Жапониядан келген 100 ғалым мен дәрігердің басын қосты. Medsupportkz порталы COVID-19 бойынша ғылыми жұмыстарды орыс және қазақ тілдеріне аударды, халықтың COVID-19-ға қатысты түрлі сұрақтарына жауап берді.

«Медицина қызметкерлеріне түскі ас» жобасының негізін қалаушы Айсұлу Тұстықбаева – оның командасы қайырымдылық концерттер арқылы қаражат жинады, ал жиналған ақшаға кафе мен мейрамханалардан түскі асқа тапсырыс беріп, COVID-19-ға қарсы күреске тікелей тартылған ауруханаларға тамақ жеткізді.

«Teaching For Heroes» негізін қалаушы Илья Кан онлайн платформада дәрігерлердің балаларын оқытуға арналған ағылшын тілі сабақтарын ұйымдастырды.

«Түскі астың» негізін қалаушы Расима Темірбаева - оның командасы қаражат жинады және ол ақшаға зейнеткерлерді түскі аспен қамтамасыз етті, мұқтаж адамдарға азық-түлік сатып алды.

«Шұғыла» қоғамдық қорының негізін қалаушы Мейірхан Әбдірахманов – еріктілер 4 мың оттегі концентраторын сатып алу үшін қаражат жинады. Кәсіпкерлер, жанашыр азаматтар мемлекеттік органдардың қолдауымен 450 миллион теңге жинады.

«Aqjurek2020» жобасының негізін қалаушы Ажар Жандосованың командасы Covid-19-ға қарсы күреске тартылған дәрігерлерге ЖҚҚ, маска мен қолғап сатып алуға және жеткізуге қаражат жинады.

«GREEN AUTOSERVICE» бас директоры Ерлан Нұрпейісов – пандемия кезінде екі жеке клиниканың жұмысын ұйымдастырды, еріктілердің қызметін үйлестірді, жүктерді шоғырландырып, дәрілік заттар мен препараттарды таратты, тасымалдады.

«ОАД-27» ЖШС директоры Елена Кузнецова – екі клиникаға 20 млн астам теңгеге жедел дәрі-дәрмек жіберді.

Қарағанды медициналық жоғары оқу орнының бесінші курс студенті Дарын Әбілжанов – КВИ шалдыққан науқастардың үйін аралап, инъекция жасады, емдеді және жағдайын бақылады.

Алматы қоғамдық бақылау тобының үйлестірушісі Саида Таукелева гуманитарлық көмекті бөліп, дәріхана, медициналық мекемелерге мониторинг жүргізді және халық арасындағы карантиндік шаралардың сақталуын қадағалады.


Соңғы жаңалықтар