Денсаулық министрлігі менингитке қатысты елдегі ахуал туралы айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл басынан менингококк инфекциясының 61 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде стационарлық емдеуде 9 адам жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасында 2018 жылдың басынан бері менингококк инфекциясының 61 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде стационарлық емдеуде 9 адам жатыр, 40 адам ауруханадан шықты, өлім жағдайы - 12: Алматы қаласында - 6, Алматы облысында - 3, Оңтүстік Қазақстан облысында - 2 және Қызылорда облысында 1 жағдай. Ахуал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында», - делінген ведомствоның ақпаратында.

Айта кетейік, 13 маусымдағы жағдай бойынша, елімізде менингококк инфекциясының расталған 59 жағдайы тіркелген болатын. 

Сонымен қатар Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Астана қаласында менингококк инфекциясынан өлім жағдайларының болмағаны туралы бұрын берілген ақпаратты растады.     

«Жылдың басынан бері Астана қаласы бойынша  6 расталған жағдай, оның ішінде балалар арасында 2 жағдай тіркелгенін атап өтеміз. Барлық пациенттер сауығып шықты, 1 бала балалардың жұқпалы аурулар ауруханасында емін жалғастыруда», - деп атап өтті комитеттен.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті халық  арасындағы инфекциялық аурулар бойынша статистикаға мониторинг жүргізетін уәкілетті орган болып табылады.

Елде тіркелген менингококк жағдайлары туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігі мен комитеттің сайттарында жарияланып тұрады. 

Соңғы жаңалықтар