Денис Теннің сыныптасы қайғылы оқиғадан бұрын не болғанын айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Денис Теннің өлімі бойынша өтіп жатқан сот отырысы барысында Денистің сыныптасы Руслан Хайруллаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Руслан Денис Тенмен соңғы рет «Гедонист» мейрамханасында бірге түскі ас ішкен.

«Мен оны түскі асқа шақырдым.18 маусымда Панфилов көшесімен келе жатқанда Денисті көргенмін. Сосын екеуміз сөйлестік. Ол кафе секілді бизнес ашқысы келгенін айтты. Келесі күні мен оған келе аласың ба деп жаздым. Ол 15 минутта келемін деді. Мен аспаздарға дəмдірек тамақ дайындауды тапсырдым. Сосын Денис, маркетолог Мадина, Əлжан есімді серіктесім төртеуіміз көңілді отырдық. Соңында Денис бəрімізбен қоштасып шығып кетті. 10 минуттан соң еден жуатын əйел біреуді пышақтап кетті деп үрейленіп келді. Мен қызметкерлер төбелескен шығар деп ойладым. Бəріміз далаға жүгіріп шықтық. Сосын мен мына сұмдықты көрдім»,- деді Хайруллаев.

Куəгердің айтуынша, Денис жатқан жерде қан өте көп болған. Оның қасында аспаз, бармен, қызыл көйлектегі қыз, екі полиция қызметкері болды.

«Мен жедел жəрдеммен бірге бармаған себебім бар. Маған полиция оқиға орнында қалып, камераларды тексеруді тапсырды»-, деді ол.

Отырыс барысында Денистің анасы Оксана Тен сыныптасынан Денисті не үшін шақырғанын түсіндіруді сұрады.

«Менің белгілі бір мақсатым болған жоқ. Мен тек тəрбием солай болғасын шығар, оны тамаққа шақырғым келді. Осы уақытқа дейін шығарып салмағаныма өкінемін. Денис есінен танып жатты. Мен оны жедел жəрдемге мінгізер кезде дəрігерлердің Дениске бір дəрі еккенін көрдім. Одан соң ол демалғандай болды. Сондықтан, мен оны өледі деп ойламадым»,- деді ол.

Сонымен қатар, сот отырысында мейрамхана қызметкерлері бармен, маркетолог мамандарынан сұрақ-жауап алынды.

Сот алдында үш адам жауап беруде. Олар - ҚР ҚК 434-бабы, ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімі, 188-бабының 2-бөлімінің 1- тармағы бойынша айыпталған Жанар Толыбаева, ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімінің 1 тармағы, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Арман Құдайбергенов, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Нұралы Қиясов. Қылмыстық іс 38 томнан тұрады.

Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын.

Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестірілді. Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті.

Соңғы жаңалықтар