Демалыс алған балалы қызметкерлерден анықтаманың талап етілуі заңды - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баламен үйде отыруға мәжбүр жұмысшыларға демалыс беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент жұмыс берушілерге баламен үйде отыруға мәжбүр ата-аналарға ақылы демалыс беруді тапсырған еді. Бұл жұмыс қалай іске асады? Еңбек кодексі бойынша, еліміздегі кез келген жұмыс істеп жүрген азамат жылына бір рет ақылы еңбек демалысына шыға алады. Ол үшін әр мекемеде кесте жасалады, сол кестеге сәйкес демалыс беріледі. Бұл жағдайда жұмыс берушілерге жыл сайынғы еңбек демалысын баламен отыруға мәжбүр болған ата-аналарға осы күндері беруді сұраймыз» - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұл ретте жұмысшыға кемінде орташа жалақы төленетін болады.

«Өз кезегінде жұмыс беруші жұмысшыдан үйдегі өзге отбасы мүшелерінің демалысқа шықпағаны туралы я болмаса жанұяда жұмыссыз адамның жоқ екендігі туралы анықтама талап етуге құқылы», - деді Б. Нұрымбетов.

Айта кетейік, 13 наурызда Президент жедел әрекет ету штабының отырысында баласымен үйде отыруға мәжбүр ата-аналарды ақылы еңбек демалысына жіберуді тапсырған еді.

Бұған дейін министр қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар барлық кәсіпорындар мен мекемелер осы режимге ауысуға міндетті екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер өздерінің бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы.

Еске сала кетсек, ҚР Президентінің Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты ҚР барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді.

Сондай-ақ Қазақстан азаматтарына 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуға тыйым салынды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жолдады. Жолдаудың толық мәтіні арнайы жарияланды.


Соңғы жаңалықтар