ДДСҰ Қазақстанның шешімін жоғары бағалайды - Кэролайн Кларинваль

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Кэролайн Кларинвал COVID-19 індетіне қатысты Қазақстанның жаңа классификацияны пайдалануы туралы шешімін жоғары бағалайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда кешенді шараларды жүзеге асыру қадамдары коронавирусқа қатысты жағдайдың біртіндеп тұрақтануына ықпал етті. Бұл өз кезегінде азаматтық қоғамның, денсаулық сақтау қызметкерлерінің және Үкіметтің бірлескен күш-жігерін талап етті. Алексей Цой (ҚР Денсаулық сақтау министрі) атап өткендей, біз қырағылықты сақтауымыз керек. Бүгінде COVID-19-ға ДДСҰ-ның жаңа классификациясын пайдалану жөнінде Қазақстанның шешімін жоғары бағалаймыз. Бұл өз кезегінде әлем бойынша мәліметтерді жинауды стандарттау үшін өте маңызды қадам», - деді Кэролайн Кларинваль .

Оның сөзіне қарағанда, қайта саралау процесі COVID-19 жағдайының артуын көрсетуі мүмкін. Алайда, қайта саралау эпидемиологиялық процесті жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, ресурстарды тиімді бөлуге, сондай-ақ ұлттық әрі жергілікті деңгейде қажетті шараларды жоспарлауға ықпал етеді.

«ДДСҰ Қазақстанның ақпарат алмасуда танытқан ашықтығын қолдайды. Вирус әлі де халық арасында таралуда. Тек ортақ күш-жігермен осы пандемияны еңсере аламыз. Әр адамның қосқан үлесі өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Үкіметпен және Денсаулық сақтау министрлігімен жұмысты жалғастырады», - деді доктор Кэролайн Кларинваль.


Соңғы жаңалықтар