Давид Лория: Қазақстан Туын көтеріп, әлем алдында Әнұранды шырқаудан асқан мақтаныш жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бірнеше күн бұрын қазақстандықтар әлеуметтік желілердегі парақшаларына Мемлекеттік Тудың аясындағы фотосуреттерін жариялап, ерекше акция бастады.

«Мен Туымды мақтан етемін» ұранымен өтіп жатқан бұл бастаманы Қазақстанның көптеген азаматы қолдады. Осы орайда өз Отанына деген сүйіспеншілігін білдіріп, патриоттық әрекетімен елдің алғысына бөленіп жатты. Жарияланымдар арасында қазақстандық футболшы Давид Лорияның мемлекеттік символға көрсеткен құрметі көпшілікті тәнті етті. Фотосуретте спортшы Түркиядағы аренада өз елінің байрағын сүйіп жатқан сәті көрсетілген.

Жақында футболшы бұл фотосуретін өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялап: «Спортшы үшін көк туды көкке көтеріп, күллі әлемнің алдында Әнұранды шырқаудан асқан мақтаныш жоқ. Мемлекеттік рәмізіміз қасиетті туымызды қастерлеу – бұл Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік һәм махаббат. Өз туымды мақтан тұтамын!», - деп жазды.

Осыдан кейін біз спортшымен хабарласқан едік. Ол аталған фотосуреттің тарихы жайында баяндап берді.

«Бұл фотосурет осыдан 8 жыл бұрын түсірілген еді. Ол кезде «Резеспор» құрамында Түркия чемпионатында өнер көрсеткенмін. «Каршиякиге» қарсы ойында матч алдындағы ширату жаттығуы кезінде трибунада Қазақстанның Туы ілініп тұрғанын байқап қалдым. Сол сәтте кеудемді мақтаныш пен қуаныш сезімі кернеді. Курорттық емес шағын ғана Ризе қаласында маған қолдау білдіруге келген жерлестерімді көріп, кәдімгідей қуанып қалдым. Қазақстанның Туын көргенде қуанышым еселене түсті. Денені шынықтыру аяқталғаннан кейін, бірден трибунаға қарай жүгіріп барып, Туды сүйдім. Жан толғанысымен осындай әрекет жасадым. Кейіннен басымды жоғары көтеріп, трибунадағы жерлестерімді көрдім. Олар мен үшін ойынды тамашалауға келген. Ойын аяқталған соң, жасаған қолдаулары үшін оларға тағы бір мәрте алғысымды айттым», - деп еске алды «Астана» ФК клубының атқарушы директоры болып тағайындалған Давид Лория.

Спортшылар шетелде өз елін таныту үшін көп уақыт бойы залда шынығып, түрлі кедергілерді еңсереді. Әрбір спортшының жеңісі – ол бірінші кезекте елдің мәртебесі.

«Спортшы үшін жетістіктің ең жоғары дәрежесі халықаралық деңгейде өз Туың жоғары көтерілген кезде байқалады. Алаңда тұрған кезде Әнұран шырқалып, өз Туыңа қарап тұрғат сәтте - ақша, танымалдылық пен басқа да жағдайлар ұмыт болып, мағынасын жоғалтады. Әнұраныңды шырқап тұрғаныңда қуатты жан толғанысын сезінесің», - деді футболшы.

Айта кетейік, осы күндері «Мен Туымды мақтан етемін» немесе «Я горжусь своим Флагом» деген жазумен және хештегпен азаматтар әлеуметтік желілерде суреттерін жариялап жатыр.

Facebook, Instagram-да, сондай-ақ YouTube желісінде де осы бастамаға қатысты видеолар тарауда. Қолданушылардың бірі арнайы видео әзірлесе, енді бірі өлең-жыр арнап, үн қосқан.

Сонымен қатар, «Мен Туымды мақтан етемін» акциясы аясында елордада «Қазақстан темір жолы» ғимаратының сыртында Мемлекеттік Тудың алып кескіні бейнеленді.

Айта кетейік, Давид Григорьевич Лория – елордалық футбол мектебінің тәрбиеленушісі, Қазақстан құрамасы рекордшыларының бірі.

Лория 2009 жылдан бері қазақстандық «Жеңіс», «Есіл», «Шахтер», «Ертіс», «Қайрат», «Ордабасы» және «Локомотив» құрамында өнер көрсетіп, командамен күміс медальдарды жеңіп алды. Сондай-ақ түрік «Ризеспор», «Қаршияка», швед «Халмстад» және ресейлік «Спартак Нальчик» командаларында да болды. Экс-қақпашының есебінде барлығы үш чемпиондық атақ бар.

Қазақстан жастар құрамасы сапында жүргенде Лория Нигерияда өткен Әлем чемпионатына қатысты, ұлттық құрама сапында Давид 45 матч ойнады.

2019 жылы спорттағы мансабын аяқтаған соң, жас маман менеджментті оқыту бойынша құрама командалардың бұрынғы ойыншылары үшін құрылған UEFA MIP футбол менеджменті бағдарламасы бойынша курсқа қабылданды.



Соңғы жаңалықтар